https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Періштелерге иман – Ислам дініндегі иман негіздерінің бірі. Періштелер ғайыб әлемінен, яғни, бізге көмескі әлемнен болғандықтан, біз оларды көзбен көріп, ақылмен толық қамтып түсіне алмаймыз. Сондықтан олар жай­лы мағлұматты Құранның бізге жеткізген қасиетті аяттары мен Алла Елшісінің (с.а.у.) хадистері арқылы білеміз.

Құранда: «Алла Елшісі Раббы тарапынан өзіне түсірілгендерге иман етті және мүміндер де (иман етті). Барлы­ғы Аллаға, періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына және ақырет күніне иман етті…»[1] — делінсе, басқа бір аятында: «Кімде-кім Аллаға және Оның періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына және ақырет күні­не иман етпесе, қатты адасады…»[2]- деп періштелерінің барлығынан хабардар етіп және оларға еш шартсыз иман етуді бұйырады. Негізінде періштелерге иман етпеу – Алла Тағаланың жер бетіне жіберген пайғамбарлары­на және оларға түскен кітаптарға иман етпеумен бірдей. Себебі, Ұлы Жаратушының адам баласына ақ пен қара­ны ажыратып, тура жолды көрсетіп, ақиқат пердесін ашу үшін түсірген барлық кітаптары уахи жолымен пайғам­барларына осы періштелері арқылы келіп жеткен.

[1] Бақара сүресі/285.

[2] Ниса сүресі/136.

Періштелердің ерекшеліктері

Періштелер – нұрдан жаратылған рухани болмыс. Пайғамбарымыздың хадисінде: «Періштелер нұрдан жаратыл­ған…»[1] – делінген.

Періштелер адамнан бұрын жаратылған. Олардың өздеріне тән денелері бар. Олар адамдар секілді ішіп-жеуге, ұрпақ көбейтіп, көбеюге, шаршап-шалдығып, ұйықтауға мұқтаж емес. Жынысқа бөлінбейді. Қызғану, ашулану, ренжу, тәкаппарлану сияқты жаман сипаттар олардың пәк дүниесінен аулақ. Олар үнемі Ұлы Жаратушыларына ғибадат жасайды. Ғибадат – олардың қорегі. Олар Алланың бұйрықтарын бүге-шігесіне дейін бұлжытпай, айна-қатесіз орындайды. Олар ешқашан күнәнің кішісін де, үлкенін де жасамайды. Барлық күнә атаулыдан қорғалған. Құранда:

﴿… وَمَنْ عِندَهُ لَا يَسْتَكْبِرُونَعَنْ عِبَادَتِهِ وَلَا يَسْتَحْسِرُونَ * يُسَبِّحُونَ اللَّيْلَ وَالنَّهَارَلَا يَفْتُرُونَ﴾

«Оның жанындағылар (періштелер) Ұлы Жаратушыларына ғибадат жасаудан бас тартып, паңданбайды және құлшылық жасаудан шаршамайды. Олар жалығып, шаршамастан күндіз-түні Алланы (күллі кемшілік атаулыдан пәктеп) тәсбих етеді».[2]

﴿…لَا يَعْصُونَ اللَّهَ مَا أَمَرَهُمْ وَيَفْعَلُونَ مَا يُؤْمَرُونَ﴾

«Періштелер Алланың бұйырған нәрселеріне қарсы шықпайды және не бұйырылса соны қалтқысыз орындай­ды»,[3] – делінеді.

Періштелер Алланың рұқсатымен әр түрлі бейне-пішінге кіре алады. Періштелер пайғамбарларға негізгі бейне­лерімен және басқа да бейнелерімен көрінген. Мысалы, Жебірейіл періште Пайғамбарымызға және жанындағы сахабаларға жолаушы кейпіндегі адам бейнесінде көрінген.[4] Ибраһимге қартайған шағында Алла тарапынан сәби берілетінін сүйіншілеп келген періштелер де адам бейнесінде келгендіктен, Ибраһим (а.с.) оларды қонақ ет­пек болып арнайы тамақ дайындатады. Бірақ олардың тамақ жемей отырғандарын көрген уақытта жүрегіне үрей ұялайды. Кейіннен барып олардың сөздерінен періште екенін аңғарады[5].

Алла Тағала періштелерге адамның қолынан келмейтін қабілеттер мен мүмкіншіліктер берген. Олар аз ғана бір мезеттің ішінде ұзақ жерлерге жылдам барып келе алады. Таудай ауыр жүктерді көтеретіндей күш-қуатқа ие.

Құранда және пайғамбарымыздың хадистерінде періштелердің қанаттары жайлы әңгіме қозғалады. Бірақ олар­дың қанаттарының қандай қанат екені бізге беймәлім. Періштелердің жаратылысы мына дүниедегі жаратылыс­тарға ұқсамағандықтан олардың қанатын дәлме-дәл құстардікіне, яки басқа нәрселерге ұқсайды деп айта алмай­мыз.

[1] Муслим, Китабуз-зуһд/2996

[2] Әнбия сүресі/19-20.

[3] Тахрим сүресі/6.

[4] Муслим, Иман.

[5] Һуд сүресі/69-70.

Періштелердің міндеттері

Алла Тағала періштелерге әр түрлі міндеттер жүктеген. Алла Тағаланың оларға міндет жүктеуі – олардың көме­гіне мұқтаждығынан емес, керісінше, олар өз міндеттерін орындаулары арқылы Ұлы Жаратушыларының құдіре­тін, ұлылығын және шексіздігін күллі әлемдерге паш етіп, теңдессіз патшалығының сән-салтанатын жалпы жара­тылысқа жар салып, куәлік етеді. Алла Тағала ешнәрсеге, ешкімге мұқтаж емес. Періштелер өздеріне жүктелген міндеттерін орындау арқылы өздеріне тән ғибадаттарын жасап, Ұлы Жаратушыларының рақымына бөленеді.

Періште түрлері

1.Жебірейіл періште. Алла тағаланың барлық пайғамбарларына уахи жеткізуші періште. Яғни, Алла Тағала мен пайғамбарларының арасындағы елші. Жебірейіл періште Құранда «рух» деп те аталады.

﴿وَإِنَّهُ لَتَنزِيلُ رَبِّ الْعَالَمِينَ * نَزَلَ بِهِ الرُّوحُالْأَمِينُ * عَلَى قَلْبِكَ لِتَكُونَ مِنَ الْمُنذِرِينَ﴾

«Әлбетте бұл (Құран) – әлемдердің Раббысының түсірген кітабы. Оны сенің жүрегіңе ескертушілерден болу­ың үшін Сенімді Рух (Жебірейіл) әкелді».[1]

2. Микайл періште. Жаратылыстағы оқиғалардың, жалпы әлемдегі жан иелерінің рызықтары мен рызықтарының жел, бұлт, жаңбыр секілді себептерін қадағалайтын періште.

3. Исрафил періште. Бұл періште қиямет күні Алла Тағаланың бұйрығымен сырнайды алғаш үрлегеннен кейін Ұлы Жаратушының қалаған кейбір жаратылыстарынан тыс көктегі және жердегі барлық жаратылыс пәнилікке бас иеді. Сосын екінші рет сырнайға үрлеген уақытта бәрі қайта тіріледі.

Құранда:

﴿وَنُفِخَ فِي الصُّورِ فَصَعِقَ مَن فِي السَّمَاوَاتِ وَمَن فِي الْأَرْضِإِلَّا مَن شَاء اللَّهُ ثُمَّ نُفِخَ فِيهِ أُخْرَى فَإِذَا هُم قِيَامٌ يَنظُرُونَ﴾

«Сырнай үрленді, Алланың қалағандарынан тыс жердегі және көктегі барлығы дереу жансыз жерге құлады. Сосын сырнай тағы бір рет үрленген мезетте адамдар қабірлерінен аяққа тұрып жан-жағына қарап қалады»,[2] — делінеді.

4. Әзірейіл періште. Барлық ажалы жеткен адамдардың рухын алумен міндеттелген періште. Әзірейіл періштенің бұйрығына бағынатын басқа да періштелер бар.

5. Құрсақтағы сәбиге жанын үрлейтін және рызқын, ажалын, дүниеде істейтін амалдарын, бақытты яки бақытсыз болатынын жазумен міндеттелген періштелердің бар екенін хадистерден аңғарамыз[3] (тағдыр бөліміне қара­ңыз).

6. Кираман-Катибин. Құлдарының жақсы-жаман амалдары мен істерін жазумен міндеттелген періштелер. Алла Тағала әрбір адамның оң жағы мен сол жағына екі періштені жақсы-жаман амалдарын жазу үшін өкіл етіп қой­ған. Бұл екі періште адамның істеген үлкенді-кішілі, жария яки құпия, жақсы-жаман әрбір ісін, сөйлеген әрбір сө­зін қадағалап, амал дәптерлеріне жазып тұрады.

Құранда:

﴿وَإِنَّ عَلَيْكُمْ لَحَافِظِينَ * كِرَاماًكَاتِبِينَ * يَعْلَمُونَ مَا تَفْعَلُونَ﴾

«Сендерді (жандарыңнан ажырамайтын) арнайы бақылаушылар бар. (Олар) ардақты* жазушылар. Сендердің не істегендеріңді біледі».[4]

﴿وَلَقَدْ خَلَقْنَا الْإِنسَانَ وَنَعْلَمُ مَا تُوَسْوِسُ بِهِ نَفْسُهُ وَنَحْنُ أَقْرَبُ إِلَيْهِ

مِنْ حَبْلِ الْوَرِيدِ * إِذْ يَتَلَقَّى الْمُتَلَقِّيَانِ عَنِ الْيَمِينِ وَعَنِ الشِّمَالِ قَعِيدٌ

* مَا يَلْفِظُ مِن قَوْلٍ إِلَّا لَدَيْهِ رَقِيبٌ عَتِيدٌ﴾

«Еш күмәнсіз адамды біз жараттық және біз нәпсісінің оған не сыбырлайтынын да білеміз. (Өйткені) Біз оған күре тамырынан да жақынбыз. Оның оң жағында және сол жағында отырған әрбір ісін жазатын екі періште бар. Бір сөз сөйлер-сөйлемес жанында оны (сөзді) жазушы және балқылаушы дайын тұрады».[5]

Адам баласы жиырмасынша ғасырда-ақ дыбысты және әр түрлі көрініс, қимылдарды жазатын құралдар тауып шығарды. Әрине, Алла Тағаланың періштелері мұндай құрал-жабдықтарға мұқтаж емес. Дегенмен, адам баласы­ның өзі бойындағы шектеулі қабілеттерімен осындай жазатын құралдар тауып шығарып жатса, Алла Тағаланың адамның істеген әрбір ісі мен әрбір сөзін жазатын жазушылары неге болмасын? Есеп күні періштелердің жазға­ны бейне бір жазып алынған бейне таспадай көрсетіледі. Қиямет күні адам баласы өз құлағымен дүниеде сөйле­ген жақсы-жаман әрбір сөзін естіп, істеген әрбір амалдарын өз көзімен көреді. Күнәһарлар істеген күнәларын көріп тыныстары тарылып, өн бойынан шып-шып аққан суық терге көміліп, қызарып-сазарып, қорқыныштан жү­ректері діріл қағып жатқанда, тақуа жандар жасаған игіліктерін көріп жан жүректерімен «әлхамдулиллаһ» деп Раббыларына шүкір етіп, көңілдері жұбаныш тауып, шексіз қуанышқа бөленеді. Демек, ақыретте адам баласы­ның әрбір істеген істеріне өзі істеген амалдары куәлік етпек. Күнәларын мойындағысы келмей, тұра қашқысы келген адамдардың алдынан дүниедегі әрбір ісі «Қайда барасың? Мені істеген сенсің» деп шыға келеді.

7. Мүнкәр-Нәкир періштелері. Қабірдегі адамдарға «Раббың кім? Пайғамбарың кім? Кітабың не?» сияқты сұрақ­тарды қоятын әрі адамдардың осы сұрақтарға берген жауаптарына қарай қарым-қатынас жасайтын періштелер. Мүнкәр-Нәкир «бейтаныс, бөтен» деген мағыналарды білдіреді. Қабірдегі адамға бұрын-соңды көрмеген кейіп­те, бейтаныс көрінетіндіктен осы атпен аталған.

8. Зәбания періштелері. Ақыретте тозаққа барғандарды азаптау ісі міндеттелген періштелер.

9. Ридуан періштелері. Жәннатқа кіру бақытына кенелгендерге қараушы періштелер.

[1] Шуғара сүресі/192-195.

[2] Зумар сүресі/68.

[3] Бухари, Бәдул-халқ, Муслим, Китабул-қадар.

* Яғни, ардақты жазушылар деп бұл періштелердің адамдардың арасынан ешкімді алалап жақтамайтын бейта­рап екендіктеріне, болған оқиғаны жасырып яки асырып өтірік жазбайтындықтарына, ешбір нәрсені ұмыт қал­дырмайтындарына ишарат етіліп отыр.

[4] Инфитар сүресі/10-12.

[5] Қаф сүресі/17-18.

Басқа да періштелер

Ұлы Жаратушының аршын таситын, сүйікті құлдарының жүрегіне туралықты, ақиқатты илһам ететін, намаз оқы­ғандармен бірге «фатиха» сүресінің соңында «Амин» деп дұға ететін, әрбір таң және екінді намаздарында мүминдермен бірге болатын, Құран оқылған уақытта арнайы жер бетіне түсетін, ғылым алқалары мен өз арала­рында Алланың кітабын оқып, уағыз айтып, Оны еске алу үшін жиналған барлық жерлерді арнайы аралап, сол жердегілерге Алладан рақымдылық тілеп, кешірім өтінетін, әрбір адамды қорғап жүретін, Бәдір шайқасында кө­мектескендей шынайы мұсылмандарға қиын кезеңде Алланың рұқсатымен көмектесетін періштелердің де бар екенін хадистер мен аяттардан аңғарамыз. Періштелердің жалпы саны бізге беймәлім.