https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Алла Тағала жер бетіне жіберген әрбір пайғамбарына шынайы елші екендігін дәлелдеу үшін мұғжизалар берген. Мұғжизаның ерекшелігі – әдеттегі табиғат заңдарына қарама-қайшы және пайғамбарлардан басқа ешкімнің ен­шісіне бұйырмаған ғажайып таңғаларлық істер. Мысалы, Айдың Пайғамбарымыздың ишараты арқылы екіге бөлі­нуі секілді. Барлық мұғжизаны жарататын Алла Тағала екенін ескерсек, «мүмкін емес» деп күмән келтірудің өзі бекер. Себебі Алланың әр нәрсеге билігін жүргізген шексіз құдіреті үшін «Болмайды, болуы мүмкін емес» деген нәрсе жоқ. Ешбір мұғжиза Алланың қалауынсыз жүзеге аспайды. Пайғамбарымыздың пайғамбарлығына дәлел – самсаған мұғжизаларынан бірнешеуін мысал ретінде келтірейік.
Пайғамбарымызға берілген ең үлкен мұғжиза – Құран. Себебі Пайғамбарымыз (с.а.у.) қияметке дейін үкімі жалғасатын ақырғы пайғамбар болғандықтан, оған түскен Құран да мәңгілік мұғжиза болмақ. Басқа мұғжи­заларды сенімді тұлғалар тарапынан естіп білсек, Құранның мұғжизалығын қияметке дейін келіп-кетер барлық адамзат өз көзімен көруде. Құран Кәрімнің заман ескірген сайын қазір түсіп жатқандай жаңара тү­суі, күннен-күнге артына еріп, әр аятын шамшырақ еткен жамағат санының көбеюі, технология дамып, бі­лім озған сайын ғылым дүниесінің биік шыңынан көрініп, нысананы 14 ғасыр бұрын нұсқауы – Оның хақ екендігін білдірсе, Пайғамбарымыздың нақ елші екендігін паш етеді. Құранның мұғжизалығына «Кітаптар­ға иман» атты арнайы бөлімде кеңінен тоқталамыз.
Айдың екіге жарылу мұғжизасы. Бір күні Әбу Жәһил мен Уәлид ибн Мұғира бастаған бір топ мүшрік Пай­ғамбарымызға келіп:

«Егер сен, шынында да Аллаh Тағаланың тарапынан міндет жүктелген пайғамбар болсаң, бізге аспандағы айды екіге бөліп көрсет… Айдың жартысы Әбу Құбайыс тауының, екінші бөлігі Құайқан жотасының үстінен көрінсін» — деп талап қойды.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) олардан:

– Осы тілектеріңді орындасам, иман келтіресіңдер ме?- деп сұрады.

Олар:

– Әрине, о не дегенің! — деп жауап берді.

Мүшріктер сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.а.у.) келген тұста айдың дөңгеленіп толған сәті еді, яғни он төр­тінші түні. Алла Елшісі (с.а.у.) Жарылқаушысының бұйрығымен Айға қарай қолын созып, сұқ саусағымен ортасы­нан бөлгендей ишара жасады. Пайғамбардың осы әрекетін күтіп тұрғандай-ақ, ай дәл ортасынан екіге бөлініп, мүшріктердің сұрағанындай, жартысы Әбу Құбайыстың, жартысы Құайқанның төбесінен көрінді. Ардақты Пай­ғамбарымыз айналасындағыларға:

«Куә болыңыздар! Куә болыңыздар! Әнекей, төбелеріңізге қараңыздар!» – деп дауыстады[1].

Мүшріктер Пайғамбарымыздың (с.а.у.) бұл айқын мұғжизасына сиқыр деп қарсы шығып, сырттан келгендерге: «Айдың екіге бөлінгенін көрдіңдер ме?» деп сұраған уақытта көрдік деген көңілдеріне ұнамайтын жауапқа тап болып, амалсыз «Мұның сиқыры айға да әсер етіпті» деп тот басқан жүректері міз бақпады.
Пайғамбарымыздың мұғжизасы арқылы бір уыс тамақтың берекеттеніп мың адамға дейін жетіп асқандығы,[2] су тапшы кезде саусақтарының арасынан атқылап аққан судан үш жүздей сахабаның сусындап әрі дә­рет алғаны[3] жайлы көптеген сахих риуаяттар бар.
Аурулардың емделіп, жазылу мұғжизасы.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) Хайбар шайқасында:

– Әли ибн Әби Тәліп қайда?-деп сұрады. Сахабалар:

– Уа, Расулаллаһ! Оның көзі ауырып жатыр, деді.

– Дереу оған хабар беріңдер, — деді. Сахабалар дереу Әлиді алып келді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) киелі түкірігін Әлидің көзіне жағып, оған дұға жасағаны сол екен Әли жазылып шыға келді…

Міне, Пайғамбарымыздың осы секілді көптеген мұғжизалары Оның хақ пайғамбар екендігіне куәлік етеді.

[1] Бухари, манақиб/3636. (ауд: Дамира Өмірзаққызы, Адамзаттың асыл тәжі, 1-том, 237.)

[2] Бухари, манақиб/3578.

[3] Бухари, манақиб/3576.