https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Адамзат Оның (с.а.у.) мінез-құлқына тәнті. Ғасырлар озып, ғылым дамып, мәдениет өркендесе де, күллі адамзат Оның (с.а.у.) бойындағы асқақ та, биік қасиеттеріне қайран қалумен келеді. Оның күннен-күнге көбейе түскен үм­беті қайталанбас өмір жолын, көркем мінез-құлқын «қасиетті сүннет», деп өнеге етіп ұстануда. Тарихта Оның өміріндей ешбір дақ түспеген таза да пәк, ғибратқа толы екінші бір ғұмыр жоқ. Алла Елшісінің (с.а.у.) дүние салға­нына он төрт ғасырдан астам уақыт өтсе де, Ол барша мұсылманның жүрегінде тірі, тіпті сүннетімен бірге жүр. Оның мүбәрак есімі әрбір азан мен қаматта үнемі қайталанып, жүрегімізде жаңғыруда. Иман нұрынан нәр алған әрбір адам Алла Елшісінің (с.а.у.) тек бір сүннетімен өмірін өрнектеу үшін қолындағы бар құндысын жұмсауға, тіп­ті жанын пида етуге дайын.

Абай атамыз халықты Пайғамбарымыздан (с.а.у.) үлгі алуға былай деп үндейді:

«Алла мінсіз, әуелден пайғамбар хақ,

Мүмин болсаң үйреніп сен де ұқсап бақ.»

Иә, он төрт ғасыр бұрын ғұмыр кешкен Алла Расулының көркем де әсем мінез-құлқы әрбір мұсылман баласы­ның аңсарына айналды. Себебі, Ондағы бұл асыл қасиеттер – адамзатты адамдықтың асқар шыңына шығарар еш өзгермес ереже-қағида, барлық жақсылық атаулыға бағыт көрсетер темір қазық іспетті.

Пайғамбарымыздың бойындағы қасиеттер мүлдем ерекше дедік. Кез келген адам бір-біріне қарама-қайшы екі көркем қасиетті бір-біріне араластырып, шатастырмастан алып жүруі өте қиын. Мысалы, бір адам жомарт болуы мүмкін, бірақ бұл жомарттығын асырып ысырап дәрежесіне дейін апаруы мүмкін немесе қолындағысын үнемдей­мін деп жүріп сараңдыққа бой алдыруы да ықтимал. Батыр, қаһарман болуы мүмкін, бірақ бұл ержүректік қа­сиеті өз арнасынан шығып, алды-артын аңдамайтын, жақсы-жаман деп талғамайтын соқырлық дәрежесінде қаті­гездікке ұласуы ғажап емес. Ал, Пайғамбарымыз болса, ешбір жақсы қасиетті екінші бір қарама-қайшы қасиет­пен араластырмаған. Өз арнасынан асырмаған. Алла Елшісі ержүрек, батыр және мұнысымен қоса құмырысқаны байқамай басып кетсе, жүрегі елжіреп, діріл қағатындай аса мейірімді, рақымды және кішіпейіл еді. Өте кіші­пейіл, мейірімді боламын деп ешқашан қорқақтық пен қорлануға бас имеген. Алла Елшісі өте салмақты, байсал­дылығымен қоса жанындағы адамдарға шаттық сыйлай алатын жарқын жүзді еді. Жалпы ғаламға ұстаздық етіп, үлкен мәселелерді қозғаған Пайғамбарымыз кішкентай бүлдіршіндермен құмда отырып ойыншық ойнайтындай қарапайым әрі кішіпейіл еді. Қысқасы, әр қасиетті өз арнасынан асырып екінші бір жаман қасиеттің жағасына апармаған. Яғни, таразының екі басын тең ұстап, тепе-теңдік сақтаған.

Әр қасиетті өз орнында қолданбаған жағдайда да ол қасиеттің мағынасы өзгермек. Мысалға, әкім қызмет орнын­да көрсеткен салмақтылығын отбасында көрсетсе, тәкаппарлыққа айналады. Әскердегі жауынгердің халыққа көрсеткен мейірімділігі мен кешірімділігін жауға, дұшпанға қолданса, халқына деген зұлымдыққа айналмақ.

Жан-жақты жетілген кемел адамның бойынан табылуға тиіс көптеген көркем қасиеттерді ең жоғарғы дәрежеде әрі әрқайсысын өз орнында бір-бірімен шатастырмастан ең керемет түрде қолданып, үмбетіне іс жүзінде көрсе­те білген адам – пайғамбар болмаса, кім болмақ?

Тарихта келіп-кеткен көптеген ұлы тұлғаларды зерттеген уақытымызда олардың бойында тек кейбір жақсы қа­сиеттердің ғана орын алғанына куә боламыз. Кейбіреуі атымтайдай жомарт, бірақ дәл сондай дәрежеде кешірім­ді, кішіпейіл емес. Кейбіреуі кешірімді, кішіпейіл, бірақ ашуға бас иетін сабырсыз. Ержүрек батыр, бірақ дәл сон­дай дәрежеде мейірбан емес. Ал, Пайғамбарымыз – жақсы деген қасиеттердің бәрін бойына жинай білген әрі әрбір қасиетті ең биік шыңында іс жүзінде қолдана білген жалғыз адам. Алла Тағала Құранда: «Сен керемет мі­нез-құлыққа иесің» – деп Алла Елшісінің бойындағы осы қасиеттерді нұсқайды.

Американдық ғалым Майкл Харт өзінің «Адамзат тарихындағы ұлы жүздік» атты кітабында адам баласының та­рихында өнегелі де ғибратты із қалдырған ұлы тұлғалардың өмірбаяндарын жазған. Майкл Харт еңбекте Аристо­тель, Платон, Евклид, Архимед бастаған топтың алдында ең бірінші болып Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарды көрсет­кен екен. Бұлтартпас ғылыми тұжырым жасау үшін Мұхаммед Пайғамбардың (с.а.у.) өмірбаянын басқа тұлғалар­мен бірге компьютердегі арнайы бағдарламаға енгізген Майкл Харт таңданысын жасыра алмаған. Себебі ком­пьютерге түскен 100 адамның ішінен Пайғамбарымыздың (с.а.у.) есімі бірнеше мәрте бірінші болып шыққан.

Иә, Пайғамбарымыз бойындағы он төрт ғасыр өтсе де еш ескіріп, тозбайтындай әрі қияметке дейін келіп-кетер күллі адамзатты тәнті еткен осынау ұлы қасиеттер мен көркем мінез-құлықты кімнен үйреніп, қайдан алды? Оны (с.а.у.) осындай етіп кім тәрбиелеп жетілдірді?

Бұл сұрақтың жауабы ретінде әке-шешесі дейін десек, Пайғамбарымыз әкесінен анасының құрсағында алты ай­лық кезінде, шешесінен алты жасында айырылып, тұл жетім қалды. Демек, Алла Елшісінің тәлім-тәрбиені әке-ше­шесінен алуы еш мүмкін емес. Ал, оған бұл көркем мінез, жалпы тәлім-тәрбиені өскен ортасы, өмір сүрген қоға­мы берді дейін десек, ол қоғамның тарихта «надандық, қараңғылық дәуірі» деген қара таңбасымен орын тепкені бәрімізге мәлім. Надандық пен қараңғылық, зұлымдық пен қатігездік билік еткен бұл қоғамда қыз баласы тірі­дей көміліп, әйел атаулы қорланып, базарларда бейне бір заттай саудаланып, зинақорлық ашықтан-ашық жасал­ды. Тіпті, зина жасаушы осы ұятты ісімен халық алдында мақтанып, атақ-абыройға кенелді. Ата-тек, шежіре шата­сып, көптеген балалар өз әкесінен бейхабар-ды. Ақ қара деп саналып, ақиқат жалғанға бұрмаланып, залымдық бейне бір әділдіктей көрінген бұл қоғамда әлсіздер құлға айналып, бар құқықтары бәзбір адам бейнесіндегі жыртқыштардың аяғында тапталып жатты. Міне, осындай бір қоғам – қияметке дейін келіп-кетер күллі адамзатты бойындағы асыл қасиеттерімен таңғалтып, көркем де сұлу мінез-құлқымен тәнті еткен Алла Елшісін (с.а.у.) тәрбиелеп, жетілдіруі мүмкін бе? Жай қатардағы бір адам бұл қоғамның тыныс алған зиянды вирусынан еш зақымданбай дін-аман, сау-саламат құтылуы мүмкін бе? Мұндай қараңғы қоғам өзінде жоқ қасиеттерді бас­қаға қалай бермек? Демек, Пайғамбарымызға бұл көркем де әсем қасиеттерді беріп, арнайы тәрбиелеп жетіл­дірген Әлемдердің Раббысы – Алла екендігі еш күмәнсіз. Адам баласына қыстың күні мұз бетінде бәйшешек сыйлаған Раббымыз «надандық дәуірде» Пайғамбарымыздай нұрлы тұлға жетілдіріп, ғаламға рақым сыйла­ды. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде: «Раббым Мені Өзі тәрбиеледі және тәрбие болғанда да ең керемет үлгіде» – деп осы айтқанымызды айқындай түседі.

Иә, Оның бойындағы керемет мінез-құлқы – Оның Пайғамбарлығының белгісі, нышаны екені еш шүбәсіз.
Адам баласының мінез-құлқы жас кезінен қалыптаса бастайды. Ержете келе бойына әбден сіңіп, отыз жа­стан кейін тұрақтап адам табиғатына айналады. Ал, қырықтан кейін бойындағы қалыптасып, тұрақтаған мі­незді өзгерту өте қиын. Енді пайғамбарымыздың қырық жасына дейінгі (пайғамбарлық жүктелген шақ) өмі­ріне көз жүгіртіп көрейікші. Ол (с.а.у.) қырық жасына дейін адамдардың арасында ең сенімді тұлға деп қа­былданғандықтан, Мекке халқы оны «Мухаммадун Амин», яғни, «Сенімді Мұхаммед» деп атаған. Мекке халқынан кез келген адам сапарға шығар болса, қолындағы ең құнды затын еш күмәнданбастан Пайғамба­рымызға аманаттап тапсыратын. Пайғамбарымыз ешбір аманатқа қиянат етпеген. Өйткені оның дінінде ама­натқа қиянат ету, уәдеде тұрмау және жалған сөйлеу – екіжүзділіктің нақ белгісі. Тіпті, Пайғамбарымыз Меккеден Мәдинаға көшуге мәжбүр болған кезде де қолындағы Мекке халқының аманатын иелеріне тап­сыру үшін хазіреті Әлиді орнына қалдырған. Иә, Ол (с.а.у.) осылайша өзіне қарсы шығып, тіпті өлтіруді жос­парлап, елінен, жерінен кетуге мәжбүр еткен пенделердің де аманаттарына қиянат етпеген. Не деген сенім­ділік, не деген туралық десеңізші!

Мекке халқы Оның қырық жасына дейін бір рет болсын жалған сөйлегеніне куә болмаған. Әбу Бәкір Сыддық: «Қырық жасына дейін бір де бір өтірік сөйлемеген адам мінез-құлықтың өзгерместей толық қалыптасып, тұ­рақтаған осы жасынан кейін қалайша өтірік айтсын?», – деп Пайғамбарымыз әкелген жаңа дінге иман келтіріп мұсылман болған. Иә, кішкентай бір мәселеде, аз ғана бір қоғамның алдында өтірік айтпаған адам қалай ғана бойындағы берік боп, қалыптасқан қасиетін бір күнде өзгертіп, дін сияқты үлкен бір мәселеде дүйім жұртқа, тіп­ті, қияметке дейін келіп-кетер адамзатқа шімірікпестен «Мен пайғамбармын» – деп өтірік айтсын?!

«Нағыз шындық – дұшпанның да мойындағаны» демекші, дін дұшпандары да Пайғамбарымыздың (с.а.у.) туралы­ғын, шыншылдығын еріксіз мойындаған. Әлі мұсылман бола қоймаған Әбу Суфиян Оның (с.а.у.) туралығын былай баян етеді:

Алла Елшісі көрші елдің патшаларына хат жіберген болатын. Осы хаттардың бірі Рим императоры Гераклге ар­налған-ды. Геракл хатты басынан аяғына дейін оқып шығып, сол кездерде Шам аймағында жүрген мені (Әбу Су­фиян) шақыртып алды. Сосын екеуміздің арамызда мынандай сұқпат жүрді:

– Оған ең көп қосылып жатқан кімдер, байлар ма, кедейлер ме?

– Кедейлер.

– Оған иман еткендердің ішінен бас тартқандар болды ма?

– Қазірге дейін бола қойған жоқ.

– Сандары артып жатыр ма, әлде кеміп жатыр ма?

– Күн сайын артуда.

– Өмірінде жалған сөйлегенін естіп көріп пе едіңдер?

– Жоқ, Оның жалған сөйлегенін ешқашан естімедік.

Хаттың ғажайып әсерімен қоса сол кездегі мұсылмандардың қас дұшпаны Әбу Суфиянның жоғарыдағыдай жауаптарына тап болған Геракл:

Осы уақытқа дейін адамдарға жалған сөйлеуден бойын аулақ ұстаған жанның енді келіп Хақ Тағалаға жалған сөйлеуі әсте мүмкін емес, – дейді[1].

[1] Ән-нурул-халиду Мухаммадун мафхаратул-инсания.