Он екі айдың сұлтаны – қасиетті рамазан айымен қайта қауышар күн де жақын қалды. Рамазан – жақсылық пен берекет һәм мейірімділік айы. Қалыптасқан әдет бойынша, ораза айы келісімен кейбіріміз тәтті де дәмді тағамдар мен сусындар сатып алып, әзірлігімізді жасаймыз. Ал, енді кейбіріміз дұға-тілек айтып, нәпіл ораза тұтып және Құран тиләуат етіп дайындық көреміз.+
Дегенмен, осы дайындықтар пен әзірліктер кезінде ұмыт қалатын бір маңызды жайт бар. Ол – Рамазан айы жайлы балаға тәрбие беру. Атам қазақтың «Он үшінде отау иесі» деп айдар таққан балаларымызға осы құтты және құлшылық айы жайлы айтуды және оған балиғатқа толғанға дейін әзірлеуді ұмыт қалдырамыз.
Сондықтан да, Сіз бен біз ата-ана ретінде қызықты әңгіме мен ойын түрінде баламызға рамазан айы жайлы тәрбие беруіміз қажет. Осы тұрғыда бірнеше кеңестер ұсынамын:
1. Рамазан айы жайлы айтылған хадистерді балаға түсінікті тілмен дастархан басында және тағы да басқа оңтайлы орында әңгімелеп беру. Мәселен, мейірімділік жайлы.
2. Ата-ананың рамазанда басынан өткерген ғажайып оқиғаларымен бөлісуі;
3. Рамазанға орай балаларға сыйлық беру;
4. Рамазанға дейін арнап күнтізбе жасап, қанша күн қалғанын санап жүру. Күнтізбені бала өзі жұлып, рамазанға қанша күн қалғанын санамалап жүреді.
5. Арнайы ауызашар дастарханын жайып балаларды қуанту;
6. Шағын ойыншықтар мен сыйлықтарды балаларыңызға алып беріңіз. Олар өз достарын рамазанмен құттықтап таратсын;
7. Рамазан айын мейлінше қызықты да пайдалы өткізу үшін отбасылық жоспар құрыңыздар. Жоспар балаға қызықты әрі жалықтырмайтын болсын. Рамазанға дайындалған отбасылық бағдарламаны дұрыс орындаған балаға сыйлық әзірлеу;
8. Ораза тұтқанның тілегі қабыл болатындығын айта отырып, балалардың тілек-армандар тізімін дайындату;
9. Рамазан бойы ата-ананың балаларына имандылықта, мейірімділікте, сабырлықта, қайырымдылықта үлгі болуы. Бала бұл айдың қасиеттілігі мен мән-мағынасын үйрене берсін.