Парасатты, ізгі тәрбие, тәрбиенің кемелдігі неден басталмақ? Бұл ең әуелі баланың өз ата-анасын сыйлауы, иманды болып өсуі, жанашыр, адал, еңбекқор, кішіпейілділік секілді ізгі қасиеттерді бойға сіңіруі. Қоғамды құрайтын жанұяның бір мүшесі ол – бала. Ата – ана болудың зор жауапкершілігі де осы кезден басталады. Ислам дінінде бала – өмірдегі сынақтардың бірі ретінде қаралады. Сол себепті сынақтан сүрінбей өту үшін балаға өмірде жақсы – жаманның, обал – сауаптың не екенін, қалай еткенде жақсы адам болып қалыптасудың жолдарын үйрету, парасатты тәрбие беру – ата-анаға міндеттелген іс. Есейгенде қоғамға пайдалы азамат болуы, жас кезінен анаша, есірткі, автомат ойындары, сыра, арақ, темекі, зинақорлық секілді теріс қылықтарға үйір болмауы, ешкімнің ала жібін аттамауы.
Әдепті болуы, қай кезде де текті тәрбиенің жемісін көрсетуі.Міне, мұндай ұрпақ – Абай атамыз айтқандай, ата-ананың көз қуанышы, қызығы мен сүйініші.Баланың күтімі, жетілуі мен оқу-тәрбиесінің жемісті болуы әр жанұяның «бала тәрбиесі» мәселесін жіті қолға алуы керек. Ата-ананың бұл төңіректе білген - түйгені неғұрылым жан-жақты әрі тереңірек болған сайын, балаға берілер тәрбиенің де соғұрылым жақсырақ болары сөзсіз. Егер ата –а на баласын мейірімге бөлеп, ойы мен жүрегін ізгілікке бағыттап, өздерін әрі қоғамға пайдалы азамат етіп тәрбиелесе, ұлтқа тұлға болатын берік тірек сыйламақ. Керісінше, адамдық қасиеттеріне көңіл бөлмей, тек материалдық тұрғыдан қамтамасыз етумен шектелсе, онда бала қоғамды ішінен ірітетін зиянкес болып өспек. Олардың жүректері пәк, таза, гауһардай құнды.
Бала жас шыбықтай иілгіш келеді. Кез – келген пішінге салуға болады. Құнарлы топыраққа ұқсайды. Құнарлы топыраққа не ексең, соның жемісін аласың. Сондықтан бала неге бейімделетін болса, сол бойынша бағыт алады, сол бойынша өседі. Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі дегендей, Ағаштың түрі мен тіршілігі жалғасу үшін оның тұқымы қаншалықты маңызды болса, адамзат тіршілігі мен ұрпақ жалғастығында да баланың рөлі сондай екенін ұмытпаған жөн.
Бала өзінің алғаш көрген нәрсесін білеуге, шұқылап көруге және сұрап үйренуге әуес болады. Сондықтан балаларға үнемі жақсы және әдемі нәрселерді көрсету керек және сұрақтарына дұрыстап жауап беру керек. Осылайша баланың зеректігі, сана-сезімі, түсіну қабілеті жетіледі. (3-6 жас аралығындағы балаларда осы нәрсеге қатты мән беру керек. Бұл кезең – баланың тілі, миы және зеректігінің қалыптасуы үшін ең маңызды кезең болып табылады.
Осы орайда, ұлттық негізде әрі мұсылмандық сипаттағы тәрбиемізге көңіл бөлудің орны ерекше. Бүкіл ата-аналардың ортақ мақсаты балаларын жақсылап жетілдіру. Балаларды жаман достардың және жаман бейнелі, жазбалы ақпарат құралдарының зияндарынан да қорғау керек. Оларға дінін, отанын, байрағын жақсы көргізетін, ата-анаға, адамдарға құрметті, елінің мәдениетін, құндылықтарын, жетістікке жетудің жолдарын үйрететін, патриоттық сезімін ұялататын пайдалы, жақсы ақпараттармен қамтамасыз ету керек. Өмірге жақсы ұрпақ әкелу әуелде көргенді жерден, ары бар, ақылы бар, ұяты бар иманды жар таңдаудан басталатындығының өзі Ислам тәрбиесінің қаншалықты кеңдігін, ауқымдылығын ұқтырады. Өзара отау тігуге ниеттенген екі жасқа ақ некемен ғана бас қосу міндеттеледі. Бұл үлкен тектіліктен, тазалықтан туған. Өйткені, некемен басталған бас қосу берекелі тіршілікке, өмірге дені сау, таза ұрпақ әкелуге жол ашқан. Бұдан әрі жанұяны адал табыспен асырау да Исламдағы үлкен жауапкершілікті аңдатады. Жанұяны адал табыспен асырау, біріншіден, ақыреттік сұрақтан қорқуды еске алса, екіншіден ұрпағының бойына арам қан жұқтырмауды, тазалықтың ұрпағына да жалғасқанын қалаудан шыққан.
Баланың жас шамасын белгілеу әрі сол жасқа сай тәрбиенің негіздерін саралауы да Ислам дінінің бала тәрбиесіне қатты көңіл бөлетінін көрсетеді. Исламдағы бала тәрбиесінің негіздерін анықтауда хазірет Мұхаммед пайғамбарымыздың ﷺөмірінде кездескен нақты оқиғаларға сүйенген. Өйткені, Құрандағы Алла тағаланың көрсеткен үлгілі тәрбиесі сүннетпен ажарланып толыға түскен. Адамзаттың асылы Пайғамбарымыз ﷺ Ислам тәрбиесін қалыптастыруда балаларды көзден таса қылмаған. Қайта дүниеге келмей жатып, балаға алаңдаушылық білдірген. Бала дүниеге келісімен діни салт - жоралғылар жасалып, мұсылман үмбетінің тағы бір адамға толысқанын қуаныш көрген. Әрі сол мұсылман үмбеті деген атқа сай тәрбие алуын қадағалаған. Осы орайда, балаға жақсы мазмұнды ат қоюдың өзі қандай тәрбие екені айтпаса да түсінікті. «Баланың жақсысы қызық, жаманы күйік» демекші, балаға «Алланың аманаты» деп қаралуының өзі исламда балаға қаншалықты көңіл бөлінгендігін білдіреді.
Ислам діні араб қауымының арасында кездескен қыз баланы жек көру, оны тірідей көміп тастау секілді айуандық әрекеттерді тыйғаны мәлім. Осы тұрғыда Ислам діні балаларға деген зор мейірім әкелгенін білуге тиіспіз. Хадистерде де бұның мысалдары көптеп кездеседі.
Қорыта келгенде Исламдағы тәрбие баланы адамгершілікке баулу үшін бүкіл қоғам мәдениетін жетілдіру керектігін аңдатады. Өйткені бала тәрбиесі ата-анаға да балабақша, мектеп, ұстаздарға, дос–жарандары, ойын түрлері, газет-журнал, теледидар. Ұлы даланы мекендеген ұлттың болашағы қашанда өзі туып, тәрбиелеген, өсіріп, мәпелеген жастарында. Ал жастардың ойы мен мақсаты өз ұлтының қамы мен жаны үшін жұмыс жасап, жан - жағын иман нұрына бөлеп, көркем мінезбен, керемет біліммен алпауыттардың аранына жұтылып кетпеу жолында жұмыла іс қылу болуы қажет. Өзге жұрт жақсылығымызға сүйініп, жамандығымызға күйінетін ұлт болсақ біз ешқашан өзге жолға түспейміз, теріс ағымға ермейміз, ешқандай жаһандануға да жұтылмаймыз. Қазақ Елінің әр ұланы өр рухты, көркем мінезді, иманды, сапалы білімді, дені сау, ұлттық санасы биік болса біздің алар асуымыз әлі алда, Тәуелсіздігіміз Мәңгілік болмақ!
Еркін мешітінің бас имамы
Медетбеков Аман