https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

ӘБУ БӘКІР АР-РАЗИ (854-932 ж.ж.)

12 Шілде 2021 0 comment Оқылды: 588 рет

Араб медицинасының атасы  Аты-жөні, шыққан тегі: Әбу Бәкір Мұхаммед ибн Зәкәрия ар-Рази. Миләди 854 жылы Тегеран қаласының оңтүстігінде орналасқан Рей қаласында дүниеге келген. Сол қалада ер жетіп, кейінірек сол замандағы білім ордасы Бағдад шаһарына көшеді. Бұл кезде оны жасы отыздан асқан еді. Ол Бағдадта біраз уақыт тұрады.       Әбу Бәкір ар-Рази араб медицинасының атасы  әрі он жетінші ғасырға дейінгі Европа медицинасының ұстазы болған. Көптеген ғалымдар оны Шығыс пен Батыстағы химия ғылымының негізін салушы деп санайды.       Ар-Разиді сол заманның ғалымдары «араб Галениусы» деген лақап атпен атаған. Ол өз заманының жарық жұлдызы, біртуар ғалымы болды. Ол өзінен бұрынғы адамзат баласы қол жеткізген барлық ғылыми жетістіктерден толық хабардар болатын. Әсіресе, медицина саласында жазылған еңбектерді жатқа білді десе де болады. Былайғы жұрт оның медицина ғылымына сіңірген еңбегін ескеріп, осы саланың атақты ғұламасы деп мойындаған. Тіпті, Францияда Париж қаласының медицина факультетінің залында оған арнап ескерткіш те тұрғызылған.       Ар-Рази өзінің ғылым жолындағы сапарын бірінші рационалды ғылымдармен шұғылданудан бастады. Ол математика, философия, әдебиет, өлең өлшемі сияқты салаларды оқып, жетік меңгерді. Әдебиет саласындағы үлкен жетістікке жетіп, түрлі тақырыптарда поэмалар шығарған. Сондай-ақ, саз өнеріне де өте құштар болды. Алайда отыз жастан асқан соң ол медицина ғылымына біржола бет бұрып, осы ғылымның соңына түседі. Бағдад шаһарына қоныс аударған соң осы саладағы білімін әрі қарай жетілдіруге талпынады.       Шынында да ар-Рази медицина ғылымын оқып-үйренуді жасы үлкейгенде қолға алды. Бағдад шаһарына барған кезден ол сол замандағы атақты дәрігер-ғұламалардың бірі Хунейн ибн Исхақтың шәкірті Әли ибн Рабн ат-Табариден дәріс алады. Ол мұнда ежелгі грек, үнді және парсының дәрігерлік дәстүрлерімен тереңірек танысып, білімін шыңдай түседі.       Әбу Бәкір ар-Разидің медицина ғылымына қызығуының басы былай басталған еді. Бағдад шаһарына көшіп барған соң ол бірде қызықтап сондағы ауруханаға бас сұғады. Алдынан бір дәрігер шығады да, ар-Рази одан дәрі-дәрмектер жайында, оларды алғаш рет ойлап тапқан ғалым жайында сұрайды. Сонда аурухана дәрігері: «Дәрі-дәрмектердің ішінде адамдарға ең алғаш белгілі болғаны «ғалымның емі» деп аталатын емдік шөп. Бұл өсімдік әдемі гүлдері үшін сәндік мақсатта да өсіріледі. Оның дәрумендік қасиетін алғаш рет тапқан ежелгі грек ғалымы Афилон. Бірде ол қолына үлкен ісік шығып қатты ауырады. Ол шәкірттеріне өзін өзеннің жағасына апаруларын бұйырады. Олар ғалымды өзеннің жағасына апарады. Мұнда ол өзен жағасында өсіп тұрған бір өсімдікті байқап, оны қолымен ұстап көреді. Шөптің сабақтары сап-салқын екен. Афилон сол шөптің бір жапырағын жұлып алып, қолындағы ісік жараның қызуын басу үшін үстіне қояды. Сол-ақ екен, бұрын солқылдап тұрған қолының ауруы бәсеңдей бастайды. Дертіне шипа тапқан ғалым қатты қуанып, сол емдік өсімдіктен көбірек алып, күн сайын жарасының бетіне таңып қоятын болады. Көп уақыт өтпей ғалым сол шөптің себебімен ауруынан біржола айығады. Содан кейін бұл шипалы шөптің атағы адамдар арасына тарап, оны түрлі ауруларға қарсы қолданыла бастайды. Былайғы жұрт ол шөпті «ғалымның емі» деп атап кетеді», – деп жауап береді. Ар-Рази дәрігердің сол әңгімесін естіп таң-тамаша болады. Содан кейін дәрігерлік өнерге қызыға бастайды.       Тағы бірде ар-Рази сол ауруханаға қайта барғанда бір кемтар туылған сәбиді көреді. Ол сол жердегі білгір дәрігерлерден сол нәрестенің кемтар тууының себебін сұрап біліп, тағы қайран қалады. Одан кейінгі уақыттары да ар-Рази дәрігерлерден өзі бұрын білмей келген медицинаға байланысты көптеген нәрселерді сұрап біліп, біраз жайттарға қанық болады. Сол кезден бастап оның медицинаға деген құштарлығы күн сайын арта түседі. Ақырында өзіне тың болып келген осынау ғылым саласына түрен салуға бел буады. Медицина ғылымына байланысты кітаптарды жинап алып, күні-түні ерінбей оқып шығады. Дәрігер ғалымдардан дәріс алып, көп ізденеді. Олармен көп сұхбаттас болып, ауруханаларға барып, түрлі операцияларға куә болады. Тынымсыз ізденіс пен еңбекпен өткен біраз жылдардан соң ар-Рази медицина ғылымының білгіріне айналды. Былайғы дәрігерлер оның мол білімін бағалап, «арабтан шыққан Галениус» деп аты әлемге әйгілі ежелгі грек ғалымына теңейтін болды. Ал, ар-Разидің ұшан-теңіз білімдарлығына тәнті болған кейбір ғалымдар оған «араб медицинасының атасы» деген лақап береді.  Әбу Бәкір ар-Рази аббасид халифаның ауруханасында        Бірде сол заманда билік құрып тұрған аббасидтер әулетінен шыққан халифа Бағдад шаһарында жаңа аурухана салу туралы шешім шығарады. Сол мәселені кеңесу үшін сарайына мемлекетіндегі ең білікті дәрігерлерін шақырады. Солардың арасында Әбу Бәкір ар-Рази де бар болатын. Ел басшысы одан аурухананы қаланың қай жерін салу қолайлы болатындығы туралы пікірін сұрайды. Әбу Бәкрі халифадан бұл мәселе туралы ойлану үшін өзіне мұрсат беруін өтінеді.      Содан кейін ар-Рази өзінің шәкірттерінің қолдарына бір түйір мал етін ұстатып, қаланың әрбір бұрышына барып біраз тұруларын бұйырады. Егер ет тез бұзылып кетсе ол жер лас болғаны, демек, ол тұсқа аурухана салуға болмайды деп шешеді. Сөйтіп, ақырында аурухана салуға қолайлы деген орынды сайлап алады. Бұл орын табиғаты таза, жасыл желекті, науқастардың жағдайына лайық тыныш жер болатын.       Халифа ар-Рази белгілеген жерге үлкен аурухана салдырады. Ғимарат салынып біткен соң ол аталмыш ауруханада жұмыс істейтін мамандарға таңдау жасайды. Ол үшін Бағдад қаласының бүкіл дәрігерлерін жинап, олардың арасынан ең білікті деген елуін таңдап алады. Содан соң халифа сол елуліктің арасынан ең білімдар үшеуін ғана шығарады. Сол үштіктің ішіндегі ең білгірі Әбу Бәкір ар-Рази еді. Сондықтан да халифа оны таңдаулы үштіктің басшысы етіп тағайындайды. Дәрігерлік қызмет пен ем-домның сырына өте қанық Әбу Бәкір жаңа ауруханадағы науқастардың хал-ахуалын қарайтын бас маман болып белгіленеді.  Әбу Бәкір ар-Разидің науқастармен байланысы   Ар-Рази өзіне жүктелген саладағы өте терең білімпаздығымен қоса ауруханадағы науқастарға өте мейірбан болатын. Ол ауруға тап болған жандарды дерттерінен айықтыру үшін олардың жандарынан бір сәт шықпай, күні-түні тынбай еңбек ететін. Ол аурулардың сырлары мен шығу себептерін, олардың уытын қайтару жолдарын білуге құштар болатын.       Араб медицинасының атасы саналы ғұмырының барлық дерлік уақытын өзінен бұрын медицина ғылымы саласында жазылған кітаптардағы мәселелерді терең зерттеп, оларды тәжірибе жүзінде байқап көріп, әрі қарай дамытуға жұмсады. Адамзат басына болатын түрлі аурулардың шығу себептерін, оларды қайтару, жазу жолдарын іздеп, тыным таппады. Еңбегі еш кетпей, біраз нәтижелерге де қол жеткізді. Ол науқастардың  бойындағы дерт түрлерінің даму үдерістерін жіті бақылап, өң берген жайттарды кітабына түсіріп отырды. Осы мақсатта ол әрбір ауруға бірнеше сұрақ қоятын. Дертті жан оның сұрақтарына жауап беретін. Аурудың ахуалын бақылау арқылы ол тиісті емдік шараларды белгілейтін болды. Науқастармен жұмыс жасаудың осы бір тәсілін дәрігерлердің арасында ар-Рази алғаш рет қолданды. Нақ осы тәсіл әлі күнге дейін түрлі ауруханалар мен емханаларда қолданылып келеді. Ар-Рази сонымен бірге науқастардың денсаулықтарының ахуалдарын, дерттерінің диагноздарын, емделу шараларының жоспарларын және ем-дом нәтижелерін алғаш рет күнделік дәптер бетіне түсірген бірінші дәрігер болып та саналады.       Ар-Рази өзінің науқастармен байланыстарының кейбірін медицина тақырыбында жазған атақты еңбегі әл-Хауи атты кітабында келтіріп өткен. Аталмыш кітап құндылығына орай талай тілдерге аударылып, әлемнің шартарабындағы медицина ғалымдарының басты құралдарының біріне айналады. Ар-Разидің өзіндік ерекше емдеу үрдісі басқа ғалымдарды қатты қызығушылықтарын тудырып, олар өз зерттеулерін оның кітабында айтып өткен тәжірибелеріне сүйене отырып жасайтын болды. Ар-Разидің емдеу тәсілдерінің бірін сол замандағы дәрігерлердің бірі былайша баяндайды: «Бірде Рей қаласында тұрып жатқан кезінде ар-Разиге Бағдад шаһарының бір тұрғыны науқастанып барады. Ол қан құсып келеді. Бұл ауруға Бағдадтан Рей шаһарына келе жатқанда шалдығыпты. Әбу Бәкір ар-Рази науқастың ахуалымен жақсылап танысады. Оның осы дертке ұшыраған кезінен бергі жағдайын сұрап біледі. Ауру жағдайының жай-жапсарына қанық болғаннан кейін атақты дәрігер ойға батады. Науқастан өкпе ауруының да, асқазан дертінің де ешбір белгілері байқалмайды. Ендеше бұл қандай ауру? Біраз ойланғаннан кейін ар-Рази науқастан жол бойында қандай су ішкенін сұрайды. Науқас жол бойындағы батпақты жерлердің суларынан ішкенін айтады. Осы кезде барып дәрігер аурудың сырын табады. Науқас лас судан ішкенде оның ішіне батпақты суларда жүретін кішкене құрттар өтіп кеткен болуы керек. Ішке түскен құрт науқастың асқазанын шағып, тістей берген сияқты. Ар-Рази шынымен ауру кісінің түкірген қанынан құрттың белгілерін байқайды.       Келесі күні ар-Рази ауру кісіге: «Қайткенде де сені ауруыңнан айықтырмай қоймаймын. Алайда емделудің бір шарты бар. Қасыңдағы қызметшілерінің сені емдеу кезінде менің айтқанымды бұлжытпай орындайтын болсын», – дейді. Науқас дәрігердің шартына келісімін береді.       Содан соң Ар-Рази батпақта өсетін жасыл балдырлардан екі тостаққа толтырып әкелдіреді. Сосын науқасқа: «Мына екі тостақтағы балдырларды түгелдей жұтып қоюың керек», – дейді. Ауру олардан аздап алып аузына салып, жұтып жібереді де, жиіркеніп тоқтап қалады. Дәрігер: «Қане, қалғанын да жұт!» – деп бұйырады. Науқас: «Жоқ, жұта алмаймын», – дейді. Ар-Рази қасындағы қызметшілерге оның екі қолын артына қайырып, шалқайтып ұстап тұруларын бұйырады. Сосын өзі ыдыстардағы балдырларды науқастың аузына нығыздап тыққыштап кіргізеді. Егер жұтпаса жазалайтындығын айтып ескертеді. Ақырында өзінде ешбір ерік қалмаған науқас дәрігердің зорлығымен екі тостақтағы балдырды түгелдей жұтуға мәжбүр болады. Бәрін жұтып болған соң ар-Рази науқасты еңкейтіп: «Ал енді құс!» – деп әмір етеді. Сол-ақ екен, манадан бері жиіркеніштен әзер шыдап тұрған науқас ішіндегі барлық нәрсені лақылдатып құса береді.       Ар-Рази аурудың құсқан нәрсесін барлап қараса арасында майда құрттар да жүр екен. Аурудың ішіне балдырлар түскен кезде олар асқазаннын ішіндегі тағамды қоя салып, өздеріне таныс жасыл балдырларға қарай ұмтылған. Ал науқас құсқан сәтте сол балдырлармен ере түскен екен».       Ар-Рази ғұмырының көптеген жылдарын парсы жұртында өткізді. Біраз патшалар мен ұлықтарға дәрігерлік қызмет етті. Әміршілерге арнап медицина саласында талай кітаптар жазып шықты. Ол медицинамен бірге басқа да ғылымдарды қатар меңгеріп, сол салаларда да сүбелі еңбектер жазған. Мысалы, химия ғылымына байланысты мәселелерді жетік білген ол: «Мен химияны меңгермеген философты философ деп санамаймын. Өйткені ол сол ғылымды білуі арқылы адамдардың қолына қарамайтын өнер иесі болады», – деген. Ар-Разидың еңбектері        Дәрігерлік даңқымен қоса ар-Разидің ақындық қабілеті де бар болатын. Ол басынан өткен түрлі жағдайларға байланысты көптеген өлеңдер шығарған. Солардың бірі мынадай:             Білмеймін бұл сұм кәрілікті, шақырып тұрғандай ма әлде қайда,          Дене іріп, сүйегің шіріген соң рухыңның болады екен орны қайда?       Ар-Рази артында баға жетпес мол мұра қалдырады. Оның біздің заманымызға жеткен кітаптарының ұзын-ырғасы 232 әлде 271-дей болады. Басым көпшілігі медицина саласында жазылған. Ең басты кітаптары: әл-Хауи, әл-Мансұри, әл-Фахир, әл-Мадхал, әл-Кафи, әл-Мулуки. Сонымен қатар жаратылыстану, химия, логика, математика салаларында жазған еңбектері де бар.       Ар-Разидың жалпы ғылымдардың ішінде, әсіресе, медицина ғылымы тарихындағы алатын орнының ерекше екендігін ешкім де терістей алмайды. Ол осы салада өзіне дейін ешкім ашпаған ғылыми жаңалықтарды ашты. Солардың арасында атап айтар болсақ, қарасан ауруы туралы зерттеу еңбегі. Ар-Рази осы бір аса қатерлі жұқпалы ауру жайын зерттеген алғашқы дәрігер-ғалым болып есептеледі. Құндылығына орай оның бұл еңбегі латын, француз, ағылшын, неміс тілдеріне аударылды. Сонымен бірге ар-Рази жарақаттарды тігу әдісін енгізді. Сондай-ақ, ол бала туу кезінде болатын жарақаттарды, әйелдерге тән ауруларды, көз ауруларын емдеудің жаңаша тәсілдерін және жарақаттарға жағатын мазь сияқты дәрі-дәрмектерді ойлап тапты.       Осылайша ар-Разидің жаңа пікірлері медицинаның емдеу саласындағы бүгінгі күнге дейін қолданылып келе жатқан басты қағидаларға айналды. Сол пікірлердің біразы төмендегідей: ●    Медицина ғылымының шегі жоқ, оның ақиқаты қол жетпейтін биік мақсат. Аурудың жағдайына байланысты дәрігердің өзіндік пікірі болмай тек кітаптарда жазылған емдеу жолдарына ғана сүйене отырып емдеуі қауіпті жайт. ●    Данышпандардың кітаптарын көбірек оқып, хикметтердің сырларын түсінуге тырысу әрбір мақсаты биік жан үшін аса пайдалы дағды. ●    Барлық өсімдіктердің табиғаты мен тіршілігін бақылап, тексеруге адам өмірі жетпейді. Сондықтан да емдік шөптердің өзіңе белгілісін ғана арнайы маусымдарда бақылап, жинауың керек. ●    Ауруынан айығып келе жатқан науқас өз денсаулығына зиянды тағам түрін жеуге тым құштар болса, ақылды дәрігер оның тәбетіне тосқауыл жасамай, сол тағам түрін оның ағзасына пайдалырақ қылудың амалын ойлап табу керек. ●    Дәрігер науқас жанның ауруынан жазылып кететініне өзі күмәнді болса да оны айығып кететіндігіне сендіруге тырысуы керек. Өйткені дененің саулығы ой-пікірдің саулығымен тікелей байланысты. ●    Ауруды емдеу жолын көптеген ұстаздардан тәлім алып, түрлі пікірлер негізінде үйренген дәрігер олардың әрқайсысының қателіктерін қайталуы мүмкін. ●    Дәрігерлер қауымы бірауыздан келісіп, ғылым мен тәжірибеге негізделген емдеу тәсілі ғана қолдануға лайық. Ал басқасы, керісінше қолдануға лайықсыз. ●    Егер дәрігер ауруды дәрі-дәрмектерді қолданбай, тек науқас тұтынатын тағамдарды түрлендіру арқылы жеңе білуі – нағыз сәтті емдеу жолы. ●    Дәрігер алдына келген науқастан оның ауруының ықтималды ішкі және сыртқы себептерін тәптіштеп сұрап-білуі тиіс. Содан кейін барып сол себептердің ең бастысының негізінде ауруға диагноз қояды. ●    Емделу үдерісін асығыс түрде дәр-дәрмектерді қабылдап, дереу тамақтануды азайтумен бастау аурудан айығуға жеткізбейді, керісінше, басқа ауруларға тап болуға себеп болуы ықтимал.       Атап өткеніміздей, ар-Разидің артында қалдырған еңбектері көп. Енді сол кітаптардың бастыларының мазмұнына тоқталамыз. 1. Әл-Хауи («Бәрін қамтушы») – медицина ғылымында жазылған ұлы еңбектердің бірі. Өйткені автор бұл кітабында өзіне дейінгі осы тақырыпта еңбектерде айтылған және өз заманында белгілі болған ауру түрлері мен оларды емдеу жолдарының барлығын қамтып, олардың жай-жапсарын тәптіштеп баяндаған. Ол бұл кітабында әрбір пікірді авторымен қоса атап өтуді ұмытпаған. Бұл еңбек отыз томнан тұрады. Латын тіліне екі рет аударылған. 2. Әл-Мансұри – бұл да медицина жазылған еңбек. Мұнда ар-Рази дәрігерлік өнерге байланысты өрнекті ойлардың барлығын топтастыруға тырысқан. Сонымен қатар, адам ағзаларын және оларда болатын кесел түрлерін сипаттап берген. Ол әңгімесін әуелі бас ауруларынан бастап, аяқта болатын аурулармен аяқтаған. Содан кейін адам анотомиясын жай-жапсарлы түрде дәлме-дәл сипаттаған. Бұл кітап он томнан тұрады. Еңбектің құндылығын ұғынған европалықтар оны латын тіліне аударылған. Әл-Мансұри кітабы Ибн Синаның атақты әл-Қанун кітабымен бірге он тоғызыншы ғасырға дейін Европаның алдыңғы қатарлы оқу орындарында медицина пәніндегі оқу құралы ретінде пайдаланылып келген.       Мұнан өзге Ар-Разидің әл-Бурһан уа тиббун-нуфус және Һәй’ә әл-Аләм атты еңбектері де бар. Соңғысы аспан денелері туралы. Онда ар-Рази жердің пішіні шар секілді дөңгелек әрі оның орны ғаламның ортасында екендігі туралы және күннің жерден үлкен, ал айдың жерден кіші екендігі туралы құнды пікірлерін айтып өткен.       Сондай-ақ, ұлы дәрігердің буын, артрит және кейбір жүйке аурулары жайында жазған арнайы еңбегі де бар. Жалпы айтқанда, ар-Разидің медицина, химия, жаратылыстану, логика және тағы басқа да салаларда жазған еңбектері көп болған. Олардың арасында біздің дәуірімізге дейін аман-есен жеткені де, аты ескерілгенмен заты жоғалып кеткендері де бар.  Қайтыс болуы        Ұлы ғалым әрі дәрігер Әбу Бәкір ар-Рази дәрігерлік дарынының арқасында болса керек, ғұмырының соңғы уақыттарына дейін еш ауырмай-сырқамай, аман-есен өмір сүрді. Алайда, қайтыс боларынан аз уақыт бұрын кенеттен көзіне дәрілік су түсіп кетіп, қос жанарынан айрылады. Сөйте тұра, өзі шебер дәрігер болса да көзін емдеп жазудан бас тартады. Жанындағы жанашыр жұрты одан бұл ісінің сұрағанда: «Осы жасыма дейін дүниеге жалыққанша қарадым ғой, сол қарағаным жетер», – деп уәж айтады. Сөйтіп, осылайша зағип халінде дүниеден өтеді.        Ол һижри үш жүз жиырмасыншы жылы қайтыс болды. Оның атағы өз заманында да, кейінгі ғасырларда да әлемге әйгілі болды. Кейіннен ұлы дәрігердің медицина саласындағы құнды еңбегі әл-Хауиді шығаруға Ибн әл-Амид атты ғұлама ат салысты.       Расында да Әбу Бәкір ар-Рази күллі мұсылманға ортақ үлкен мақтаныш, және барлық адамзатқа ортақ данышпандардың бірі. Оның жасампаз ғалымдығын Шығыс та, Батыс та мойындады. Европаның кейбір елдерінде оған арнап ескерткіш те тұрғызылды. Ал артында қалдырған мол ғылыми мұрасы қазіргі кезге дейін құндылығын жоймай келе жатқан бүкіл адамзаттың ғылымы мен мәдениетіне қосылған үлкен игілік.       Алла Тағала білімімен әлемді тамсандырған мұсылман ғалымы Әбу Бәкір ар-Разиге рахым еткей!

Источник: http://fatua.kz/kz/post/view?id=240

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз