Жоңғарлармен соғыс кезі. Бөгенбай батырдың алдына тұтқыннан босатылған екі жауынгерді алып келді. Біреуі еңгезердей, тепсе темір үзетін түр сипаты бар. Екіншісі арық, бір қарағанда бойында қуаты, күші жоқ жауынгер.
Бөгенбайдың жанындағы батырлар: Бұл екеуін қайтадан ұрысқа салыңыз. Жауда қалған кегі бар болу керек дейді.
Қолбасшы сәл ойлана, “тұтқында қанша уақыт болдыңдар?” деп сұрайды
Алғашқысы “екі жыл” дейді. Екіншісі “екі апта” дейді.
Сол кезде Бөгенбай батыр: “Мына нар тұлғалы адам ұрысқа шықпасын. Осында жүріп, анау-мынауға көмектесіп, жылқы бақсан!. Пайдасы осы жақта көбірек болар. Ал, мына қолтоқпандай шағын сарбазды ертеңгі шайқаста алдынғы сапқа салыңдар” дейді.
Әңгіме барысын тыңдап тұрғандар аң-таң. “Бұныңыз қалай, батыр-еке. Керісінше емес пе? Бізге ана бір нар тұлғалы азамат сияқты жойқын, күшті мықтылар керек емес пе” дейді.
Бұл үкімін түсіндіріп беру үшін қолбасшы қасындағыларға былай дейді: Алғашқысы, қаншалықты мықты, білекті, күшті болса да, екі жыл түрмеде отырған. Тұтқынның қай уақытта болмасын, жігері қайтып, батырлық рухы өшеді. Бойына құлдық сана сіңіп кеткен. Бұл жігіттен шайқаста мардымды пайда болмайды. Екіншісінің түр сипаты әлсіз болғанымен, бойында ыза мен кек бар. Тұтқында да аз уақыт қана болған. Сондықтан, ұрыста жанын салып, арыстандай айқасары анық. Сыртқы сипат, ішкі жан дүниеңмен қатар келмесе, оның пайдасы шамалы.
Рүстем Нүркен