https://www.facebook.com/taglym

          

Хикметін сезін бұл айдың!

28 Jun 2015 0 comment Оқылды: 1508 рет
Қанағат Қаржаубай
Жас ақын, Моңғолияның Баян Өлгей аймағында туған. Қалалық, аудандық жыр-мүшәйраларының жүлдегері. Қазіргі таңда Астана қаласындағы «Нұр-Астана» медресесінде оқиды.  

Нұр саулап көктен, жер жүзін нығмет жапқасын,
Ұлық ай келіп, жүрекке шамын жаққасын,
Иманың артып, нәпсіңді тізгіндейтін кез
Он бір ай бойы тағамның түрін татқасың,
Шайтанды тұсап,бұғауға салған Рамазан
Әкелді саған төрт бірдей сый ғып аптасын,
Өзімен бірге жеткізер сені сауапқа
Тозақтың жауып, жәннаттың ашып қақпасын.

Босамайды деп ойлаймыз әсте сана түк,
Жүреміз біздер назарын елдің қаратып,
Рахман Алла әлемнің ұлы патшасы
Қойған жоқ бізді себепсіз іске жаратып,
Қасиетті Кәлем Алланың сөзі Құранды
Тамырдан аққан қанменен бойға таратып.

Шын ниетпенен исламға мойын бұрсаңыз,
Құлшылық етіп, шайтанға тұзақ құрсаңыз,
Жамағатпенен келіңіз бірге намазға
Денеңіз шаршап, болмаса-дағы мұршаңыз,
Сансыз сауап бар, ниетке амал сай болса
Намазға ұйып, Құранды тыңдап тұрсаңыз.

Жаратушы Алла пендесіне берді сыйларын,
Артсын деп әркез жүрекке тұнған иманың,
Қуанар пенде ораза ұстап, бақ тауып
Есіне алып тамақтан бізді тыйғанын,
Қуанар пенде әуелі ауыз ашқанда,
Ал, екінші рет Раббысының көріп дидарын.

Нығметімен берекесін астың арттырып,
Нәпсіңде сені өзіне тартар жалт бұрып,
Біздерді жолдан тайдыру үшін айламен
Лағнет шайтан өзіне қойған шарт құрып,
Бұл айға мың ай тең келе алмас расында
Тұсаулады Алла шайтанға берік сап құлып.

Бойыңа қуат береді жұтым ішкенің,
Құрып кетпейді талса да денең, күштерің,
Аптап ыстықта ораза тұтсаң сауап көп
Жабысса-дағы таңдайға тіл мен тістерің,
Ғайбаттан және тамақтан тыйып өзіңді
Болмасын дейсің он сегіз сағат істе мін.

Жеңімпазы көп жәннаттай ұлық жүлденің,
Ғанибет екен құлшылықпен өтсе түндерің,
Ғибадат етіп Раббыма дұға етемін
Мұсылманмын мен, мұсылмандармен біргемін
Мазасыз оймен, жүрекке қонған дерт болса
Құранмен ғана табыһасың дерттің түрлі емін.

Түсініңіздер берекенің бұл да басы деп,
Алланың бізге беретін нығмет, асы көп,
Ораза ұстап, мисктің исін шашатын
Райян атты Жәннәтті бізге нәсіп ет!!!!

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз