Бүгінгі күн – айт күні мұсылманның,
Тілегі болад дерлік қысылғанның.
Үш жүз миллион мұсылман байрам етіп,
Тәңірге тілек, мұңын ұсынған күн.
Жадырап көңілдері имандының,
Шаттығы жүздерінде ашылған күн.
Дінсіздің бұл байрамға іші күйіп,
Құйылып қастық қаны ашынған күн.
Байрамның себебі не түсінгендер,
Бойынан кек-күнәні қашырған күн.
Ондай сәуле ойында болмағандар,
Дүрмекке көпшіліктің бас ұрған күн.
Қуанып жүрек тулап қарсы күткен,
Мәз болып лепіргені басылған күн.
Қайтсе де, үлкен-кіші, ер мен әйел
Қайғысын масаттанып жасырған күн.
Көпшілік қызықтаумен күлетін күн,
Діншілдер Хаққа көңіл бөлетін күн.
Мол ойлы, ғибрат көзді милы адамдар
Көп олжа бұл байрамнан көретін күн.
Аш-жалаңаш, кем-кетік нашарларға
Жомарттар құдайысын беретін күн.
Қол қысқа садақаға шама келмес,
Тарлықпен көңіл азап шегетін күн.
Әлділер зор сауапқа кездестік деп,
Ағызып құрбан қанын төгетін күн.
Күңірентіп аспан жүзін тәкбірменен,
Топ-топ боп әр мұсылман келетін күн.
Бір жерден әмин дауысын шығарумен,
Шын мүмін көл ғып жасын төгетін күн.
Жүз көріп, бір-бірімен амандасып,
Сәлемді тұс-тұс жақтан беретін күн.
Ғалымдар өз әлінше үгіт үшін,
Кітаптан әр асыл сөз теретін күн.
Сөз жатық, тілі орайлы имамдары
Үлгілеп дін өрнегін беретін күн.
Ащы тіл, қытық сөзді естісе де,
Хақ қой деп діндар адам көнетін күн.
Жан ашыған жолменен айтады деп,
Жүректің ең түбімен сенетін күн.