Азан – белгілі сөздермен намаз уақытының кіргенін жұртшылыққа жария ету. Қамат – парыз намаздарының алдында намазға тұрудың басталғандығын білдіретін белгілі сөздер[1]. Бес уақыт намаз бен жұма намазына азан мен қамат айту ер кісілерге бекітілген сүннет, ал әйелдерге мәкруһ саналады[2]. Имам Касани (Алла оны мейіріміне алсын): «Әйелдер, балиғатқа толмаған балалар азанды және қаматты айтпайды. Себебі олардың жамағатпен намаз оқуы жақсы амал болып табылмайды. Ол жөнінде Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): لَيْسَ عَلَى النِّسَاءِ أَذَانٌ وَ لاَ إٍقَامَةٌ «Әйелдер азан мен қаматты айтпайды»[3], – деген. Сондай-ақ олардың жамағатпен намаз оқуы дұрыс болмағандықтан азан да, қамат та айтылмайды»[4], – деп келтірген. Зафар Ахмад Усмани жоғарыдағы хадиске: «Бұл риуаят азаншының ер кісі болу керектігін әрі әйелдердің азан айтуға түк қатысы жоқ екендігін білдіреді»[5], – деп түсіндірме берген. Сондықтан әйел кісілер жамағат болып немесе жеке намаз оқыса да, азан мен қамат айтуы мәкруһ болып есептеледі. Ерболат БОХАНОВ, Атырау облысы бойынша пәтуаға жауапты маман
[1] Әл-Маусуа фиқһия, 2/357. [2] Хашияту әт-Тахтауи, 280-б. [3] Әл-Байһақи, №1/408. [4] Имам Касани, Бадаи әс-санайғ, 1/152. [5] Зафар Ахмад Усмани, Иғләу әс-сунан, 2/633-634.
Источник: http://fatua.kz/kz/