https://www.facebook.com/taglym

          

ОТБАСЫ – ҰЛТ ҚҰНДЫЛЫҒЫ

05 Apr 2022 0 comment Оқылды: 418 рет

Асыл дініміз – Исламмен біте қайнасқан қазақ қоғамында ертеден-ақ отбасы құндылықтарына, атап айтқанда жанұяның ауызбірлігіне, біртұтастығына, отбасындағы ұрпақ тәрбиесіне, баланың болашағына аса қатты мән берілген. Мұсылмандықты ту еткен қазақ халқында отбасы ұғымы аса қадірлі, баға жетпес құндылықтар ретінде есептелген. Дана халқымыз ежелден дін мен дәстүрді ұштастыра біліп, қоғам игілігі үшін, соның ішінде отбасының бақыты үшін рухани тәрбие мектебін қалыптастырды. Өзіміз өмір сүріп жатқан ортаның, яғни қоғамның отбасыдан құралатынын Хақ елшісі (с.а.у.) уақытында жете түсініп, халықтың бақытты өмір сүруінің айқын жолы – жанұя тәрбиесі мен баға жетпес рухани құндылықтарында жатқанын біз үмбеттеріне өсиет етіп кеткен.Мәселен, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) өзінің бір сөзінде: «Ер азамат – өз жанұясының бақташысы, сол үшін де ол өзінің қол астындағыларға жауапты» деп айтқаны бәрімізге белгілі. Бұл өсиеттен отбасы мүшелерінің өзара міндеттері, жауапкершіліктері белгіленгенін байқаймыз. Отбасы құндылықтарының қалыптасуы әлбетте үйдің тірегі болған ер азаматтың жанұядағы орны айқындалуымен тығыз байланысты. Ата-бабамыз «әке көрген оқ жонар» деп, ер азаматты жастайынан болашақ өмірге дайындаған. Тәрбие беру барысында ер азаматтың қадірі жоғары екенін отбасы мүшелеріне үнемі дәріптеп отырған. Бұл тәрбиені көріп өскен ұл да, қыз да келешекте ер азаматты, үлкен кісіні сыйлай білген.Отбасының бақытты болуында әрине ананың да рөлі зор. Ана өз перзентіне әрдайым тура жолды нұсқап отырып, жақсылыққа баулып, жамандықтан сақтандырып отырады, жан дүниенің рухани баюына зор үлес қосады. Ананы отбасы құндылықтарының негізін қалаушы десек әсте қателеспейміз. Пайғамбарымыз (с.а.у.) да өзінің өнегелі өсиетінде әйелдің отбасындағы жауапкершіліктерін нақты айқындап көрсеткен. Ежелден жеткен өсиетінде: «Әйел өз үйі мен балаларының бақташысы, сол үшін де жауапты» деп әйелді жанұяның береке-бірлігінің бастауы ретінде бағалаған. Ұлы Абай атамыз: «Балаға көбіне үш алуан түрлі мінез жұғады: біріншісі – ата-анадан, екіншісі – ұстаздан, үшіншісі – құрбысынан» деп отбасылық құндылықтың қалыптасуына не әсер ететіндігін анық айтқан. Отбасы құндылығының қалыптасуында асыл дініміз, салт-дәстүріміз, қоршаған ортамыз, іс-әрекетіміз, айналамыздағы адамдармен қарым-қатынасымыз зор рөл атқарады. Алайда қазіргі уақытта отбасылық құндылықтар жоғалып бара жатқандай. Бала-шағаны бағудың қамымен ұрпақ тәрбиесін ұмыт қалдырған көптеген ата-аналар баланың бақытын материалдық жағдаймен тығыз байланыстырып, рухани тәрбиені бір шетке ысырып қоюы өкініш тудырады. Болашақ тек материалдық жағдайдың жақсы болуымен қалыптаспайды. Осындай пікір мен келте ойлаудың салдарынан қарны тоқ, алайда рухани тәрбиеден жұрдай, тек қарақан басын ойлайтын, сый-құрметтің не екені санасына жетпеген ұрпақтар өсіп шығары сөзсіз.  Осындайда дана халқымыздың өзіндік тәрбие мектебі қалыптасқанын айта кеткеніміз жөн. «Балаңды аясаң – аяма» деген сөздің мәні – тәрбиеге көнбеген балаңды ұрып, таяқтау деген сөз емес, тәрбиелеу барысында тым шектен тыс жанашырлыққа салынбау дегенді білдіреді. Жүрегі мейірімге толы ата-ана әрине перзентін бетінен қақпай өсіреді. Ал перзенті ана ақылына құлақ аспаса, жұдырықпен тәрбиелеуге көшеді. Ата-анадан зорлық көріп өскен бала әрине қорқақ, үркек болатыны сөзсіз. Ондай бала өз отбасында ата-ана қамқорлығын сезіне алмай, керісінше жәбір көріп, зорлық-зомбылықтың құрбанына айналады.Қазіргі уақытта елімізде жасөспірімдердің отбасылық зорлық-зомбылыққа ұшырау жағдайы жиі кездеседі. Осы жағдайды желеу еткен кейбір үкіметтік емес ұйымдар бала тәрбиесін ата-анасына емес, арнайы мекемелердің қолына тапсыруға барынша күш салуда. Әлбетте бұл біздің кемшін кеткен тұстарымызды білдіреді. Абай атамыз айтқандай перзенттеріміз «Толық» адам боп қалыптасуы үшін өзгенің қаңсығы емес, өзіміздің атадан балаға жалғасып келе жатқан имандылықпен ұштасқан ұлы тәрбиесін сіңіруіміз қажет. Қазақ атам мұны үш-ақ ауыз сөзбен: «Ұят болады», «Жаман болады», «Обал болады», деп шебер жеткізе білген. Мұның түбінде әрине имандылық жатқаны сөзсіз. Осы құндылықтарды ешқашан ұмытпай, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізе білуіміз – біздің адамгершілік борышымыз.

Үштөбе қаласы мешітінің

бас имамы

Әбудардан ТАЛАСБАЙ  

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз