https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Иса пайғамбардың алты мұғжизасы

07 Oct 2021 0 comment Оқылды: 418 рет

Аса қамқор, ерекше мейірімді Аллаһтың атымен бастаймын! 

     Он сегіз мың ғаламның жаратушысы, ақырет күнінің иесі, Жаратушы Алла тағала адамзат баласын тура жолға салу үшін жер бетіне мыңдаған пайғамбар жіберген. Сондай дәрежесі жоғары елшілердің бірі – Мариямұлы Иса (ғ.с.). 

    Алла тағала адасқан қауымдарға қара түнектегі шамшырақтай жол көрсетер пайғамбарларға небір керемет қасиеттер дарытқан. Олар Жаратушы тарапынан берілген мұғжизалары арқылы халықты дінге шақырып, таң қалдырған. Басқа пайғамбарлар секілді Исаның да (ғ.с) ғажайып мұғжизалары болған.    

Бірінші мұғжиза: Иса (ғ.с) пайғамбардың дүние есігін ашуы

   Құран кәрімді парақтап отырсаңыз, Мәриамұлы Исаның (ғ.с) есімін кезіктіресіз. Иә, Иса Мәсіх (с.ғ) қасиетті Құран Кәрімде аты аталған 25 пайғамбардың бірі. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) алдында Алла тарапынан яхудилерге жіберілген абзал пайғамбар. Ол Алла тағала тарапынан түсірілген ақиқат кітаптарды растайтын Інжіл кітабы түсірілген елші. 

   Исаның (ғ.с.) дүниеге келуінің өзі - бір керемет мұғжиза. Өйткені, анасы Мәриям (с.ғ) пайғамбарды әкесіз жарық дүниеге әкелген. Бұл жайында Құран кәрімнің «Әли Имран» сүресінің 42-43 аятарында «Кезінде періштелер: «Иә, Мәриям! Аллаһ сені таңдап, пәк етті және әлемдегі әйелдерден артық етті. Иә, Мәриям, Раббыңа бойұсын, сәжде етушілермен бірге сәлде етіп, рукуғ етушілермен бірге рукуғ ет» деп айтылады. Сондай-ақ, «Сол кезде періштелер: Иә, Мәриям! Расында Аллаһ сені Өз құдіретімен бір перзентті болады деп қуантады. Оның есімі Мәрияұлы Мәсіх Иса болады. Ол бұл дүниеде де, ақыретте де мәртебесі биік, беделді және Аллаһ тағала тарапынан жақындардан болады» («Әли Имран» сүресінің 45-аяты) делінеді. 

    Имран әулетінен шыққан өте құдайшыл, тақуа әйел Мәриәм (ғ.с.) сол замандағы ел арасында беделі зор жан еді. Иса пайғамбардың (ғ.с.) дүниеге келуі ғаламат құбылыс болды. Мәриям үйінің шығыс жағындағы бір оңаша жерге жалғыз барады. Ол жерге адамдардан таса болсын деп Алла тағала тарапынан перде қойылған еді. Бір күні Мәриәм (ғ.с.) оңаша қалғанда оған адам бейнесінде Жәбрәйіл (ғ.с.) Алладан келген ізгі хабармен келеді. Бұл жайында «Мәриәм» сүресінің 19-21 аяттарында: (Жәбірейіл (ғ.с): «Мен Рабыңның елшісімін, сенде бір ер бала болатынын хабарлау үшін жіберілдім» деп айтады. Құрандағы осы сүренің келесі аятында Мәриям (ғ.с.): «Мен ешкіммен жақындасқан жоқпын, жеңіл жолға түскен жоқпын, менде қалайша бала болады?» деп қайран қалады. Әлбетте, жер мен көкті, барша мақұлық иесін еш нұсқасыз жаратқан Аллаға бұл іс оңай екені белгілі. «Мәриәм» сүресі, 35-аятында (Жәбірейіл (ғ.с.): «Бұл Аллаһ тағалаға оп-оңай. Аллаһ тағала тарапынан адамдарға бір үлгі әрі ғибрат. Бұл шешіліп қойған бір ісі» дейді. Сондай-ақ, «Ол бір істің болуын қаласа, тек қана «бол» дейді. Сонда ол іс болады. («Мәриәм» сүресі 35-аят). Демек, Алла қалауы жалғыз сөзбен-ақ жүзеге асады екен. Сөйтіп, Алланың қалауымен ғажайып мұғжиза орын алып, пәк әйел затынан өмірге абзал сәби келеді. 

Екінші мұғжиза: нәресте Исаға (ғ.с) тіл бітуі

  Иә, Иса (ғ.с.) пайғамбар нәресте болған шағында-ақ Алланың қалауымен сөйлей жөнелуі таң қалдырмай қоймайды. Құран Кәрімнің «Мәриәм» сүресі 27-33 аяттарында: «Ол (Мәриәм) баланы көтеріп еліне келді. Олар: «Иә, Мәриәм! Расында сен өрескел бір іс жасадың» деді» деп жұрт некесіз баланы дүнеге әкелгенін бетіне басады. «Иә, Һарұнның қарындасы! Әкең де жаман кісі емес, анаң да жаман жолда жүрмеген еді» деп сөгеді. 

   Құран аяттарында баяндалғандай, Иса пайғамбар Алланың құдіретімен халыққа мұғжиза көрсетіп, кішкентай сәби күйінде ешқандай сөз білмесе де, Алланы мадақтап, анасын қорғаштап, тілімен сөз сөйлейді. Арының таза екенін дәлелдемек болған Мәриям баланы көрсетеді. Олар: «Бесіктегі бір бөбекпен қайтып сөйлесеміз?» деді. (Бала): «Мен Аллаһ тағаланың құлымын. Ол маған Кітап (Інжілді) беріп, пайғамбар етті» деді. Мені қайда болсам да қайырлы етіп, тірі кезімде қанша өмір сүрсем сонша намаз оқуға, зекет беруге бұйырды. Мені анама мейірімді етіп, бақытсыздық пен зұлымдық жасаудан аулақ етті. «Менің туған күнімде, өлетін күнімде және қайта тірілетін күнімде де есендік болады». Міне, осыдан біз Иса (ғ.с) екінші мұғжизасын байқаймыз. Сондай-ақ, Иә, Мәриямұлы Иса! Саған және анаңа берген нығметімді есіңе ал. Сол кезде қасиетті рухпен сені (Жәбірейіл (ғ.с) арқылы қуаттаған едік. Бесікте жатқан сәби кезінде және ержеткенде де адамдарға даналық ілімін айтуға Кітап (Тәурат пен Інжілді) үйреттік («Мәриәм» сүресі 110-аят) деп айтылады.  

Үшінші мұғжиза: Иса (ғ.с) Інжіл кітабының берілуі

  Алла Тағала адасып, рухани тоқырауға тап болған Исраил ұрпақтарын қайтадан тура жолға, ізгілікке салу мақсатында Иса (ғ.с) пайғамбар арқылы мұғжиза етіп Інжілді жібереді. Құран Кәрімнің «Мәида» сүресінің 46-47 аяттарында «Олардың пайғамбарларының ізінше өзінен бұрын Тәуратты растаушы (ретінде) етіп, Мәриямұлы Исаны жібердік. Оған тур дол көрсететін үгіт-насихат беруі үшін (нұрлы кітап) Інжілді бердік. Інжіл иелері ондағы Аллаһ тағаланың нұсқауымен үкім етсін дедік. Кім ондағы Аллаһ тағаланың түсірген аяттарымен үкім етпесе, олар күнәһар, бұзықтар» деп айтылады. Інжіл «ізгі хабар» дегенді білдіреді. Әрине, Інжіл кітабы түскенде адасқан қауым тура жолға қайта оралып, тәубе етсе, кейбірі ақиқаттан мойындаудан бас тартады. Кәпірлер қауымы Алла тағалаға, Иса (ғ.с) пайғамбарға, Інжіл кітабына қарсы шығады.  

Төртінші мұғжиза: Иса (ғ.с) пайғамбардың дастарханы

   Өзіне пайғамбарлық келген Иса (ғ.с) Алланы ұлықтап, халыққа тура жолды нұсқап, дінді уағыздады. Бір айта кетерлігі, Иса (ғ.с) пайғамбарға алғашқылардың бірі болып, толық мойындап, оған ергендер – хауарилер еді. Десек те, Иса пайғамбардың соңынан ергендердің ішінде дінге күмәнмен қарайтындар табылатын. Міне, солар Иса (ғ.с) пайғамбардан үнемі ғажайып бір нәрсе қалап отыратын. Құран Кәрімде («Мәида» сүресі, 111-115 аяттар) сондай ерекше мұғжиза айтылады. «Сол кезде хауарилерге: «Маған әрі елшіме сеніңдер» деп білдірген едім. Олар: «Біз сендік, біздің шынайы мұсылман болғанымызға куә болыңдар» деген еді. Сол уақытта хауарилер: «Иә, Мәриәмұлы Иса! Раббың бізге көктен тамағы дайын бір дастарқан түсіріп бере ала ма?» деп сұраған еді. Ол (Иса): «Аллаға сеніп, қорықсаңдар, мұндай сұрақ қоймаңдар», - деді. Хауарилер: «Біздің сол тағамнан жеп көңіліміз орнықсын әрі сенің бізге шын айтқаныңды біліп, пайғамбарлығыңа куә болуды қалаймыз», - десті. Мәриям ұлы Иса: «Иә, Аллаһ тағала! Раббымыз! Снен бізге және бізден кейінгілерге бір белгі болатындай аспаннан үсті тағамға толы дастарқан түсірші! Бізді ризықтандыршы! Сен ғана ризық берушісің» деді. Алла: «Күдіксіз Мен, ол дастарқанды түсіремін. Ал одан кейін сендерден кім қарсы шықса, шынайы түрде Мен оны дүниеде ешкімге бұйырмаған азаппен жазалаймын» деді» деп айтылады. 

Бесінші мұғжиза: Иса (ғ.с) пайғамбардың шипагерлігі

   Иса (ғ.с.) заманында медицина саласы едәуір дамыды. Бақсы-балгерлер, емшілер жұрт арасында кездесетін күрделі кеселді жазуға қауқарлы еді. Әйтсе де, ауыр науқас қа шалдыққан адамдарды білікті емшілердің өздері жаза алмаған оқиғалар ұшарасты. Иса (ғ.с.) пайғамбар Алланың қалауымен алапес секілді ауруларды емдеп жазатын қасиетке ие болды. Ол ол ма, тіпті өлген жанды қайта тірілтетін еді. Осы мұғжиза жайлы Алла Тағала Құран кәрімде («Мәида» сүресі, 110-аят) былай дейді: «Және сол кезде Менің бұйыруым бойынша балшықтан құстың бейнесін жасап, оның ішіне үрлегеніңде оған жан біткен еді. Және Менің бұйыруым бойынша іштен туған соқырды да, алапес ауруды да жазатын едің. Кезінде Менің бұйрығыммен өлгенді де тірілтіп шығаратын едің. Және Мен сені Израил ұрпақтарына керемет дәлелдермен жібергенімде олардың ішінде кәпір болып қарсы шыққандары: «Бұл – ашық сиқыр ғой» дегенде, сені олардан қорғаған едім» деп баян етіледі. 

 

Алтыншы мұғжиза: Иса (ғ.с) пайғамбардың аспанға көтерілуі

   Құран Кәрімнің «Әли Имран» сүресінің 54 аятында: «Олар (яһудилер Исаны (ғ.с) өлтіру үшін айла-қулық жасады, Аллаһ тағала амал істеушілердің шебері, оларға қарсы амал қолданды (Исаны аспанға шығарды да олардың арасынан біреуін Исаға (ғ.с) ұқсатып қояды, олар оны Иса деп өлтіреді) делінеді. Осы сүренің келесі аятында «Аллаһ тағала: «Иә, Иса! Сені рухқа айналдырып, өз тарапыма көтеремін, сөйтіп қарсы болғандарды құтқарамын. Саған ергендерді Қиямет күніне дейін кәпірлерден үстем етемін. Содан соң Менің алдыма бәрің қайтасыңдар! Сонда таласқан нәрселеріне лайықты үкім шығарамын» деп баяндалады. 

     Міне, Аллаһ тағала тарапынан Иса (ғ.с) берілген мұғжизалар осындай. Осы мұғжизалар арқылы бір Жаратушы бір Алланың құдыреті шексіз екеніне көзіміз жете түседі. 

 

Бердібек Нұқтарұлы,

Қаратал аудандық орталық мешітінің бас имамы.

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз