https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Дін мен дәстүр

06 Oct 2021 0 comment Оқылды: 323 рет

Ислам діні – адамзат тарихы мен өркениетіне айрықша үлес қосқан ең ұлық дін. Оның туы желбіреген жерлерде әрдайым білім мен ғылым дамып, адамзат адамгершілік пен парасаттың шыңына көтерілген. 

Біз – өзіндік ділі, тамыры терең құндылықтары, сүйенер, қуат алар бай рухани мұрасы бар халықпыз. Бабаларымыздың қастер тұтып, атадан балаға аманаттап, жүрекке дарытып келген асыл қасиеттеріміз көп. Елдің рухани-мәдени қалыптасуына бірден-бір зор ықпал ететін ол салт-дәстүр мен діні. Ислам дінінің әлемнің 120-дан астам мемлекетінде таралғанын ескерсек, әлемде ислам дінін ұстанатын екі миллиардқа жуық мұсылман халықтарының әрбірінің дәстүрінде өзіндік ерекшеліктер орын алуы заңдылық. Ислам діні ұлтына, нәсіліне, түр – түсіне, әдет – ғұрпы мен дәстүрлеріне қарай бөлуге шек қоймаған. Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Ұлтшылдыққа, рушылдыққа шақырған адам бізден емес» — деген хадисі бұған дәлел. Жат ел болса да, олардың жақсы қасиеттерін бойға сіңіруге болар, ал олардың өздеріне тән дәстүрлерін келсін – келмесін қабылдай беруге болмас. Алланың кітабы «Құран» адамзаттың өркениетін байыта отырып, әрбір ұлттың өз болмысын сақтағанын қалайды. Бұған дәлел Құран Кәрімде Алла Тағала:  «Ей адамдар ! Мен сендерді бір еркек, бір әйелден жараттым және сендерді бір-бірлеріңді білсін деп сендерді ұлттар және ұлыстар етіп жараттық»,- деген. Имандылық қасиеттің сырына тереңірек үңілетін болсақ, қазақ халқы имандылықтың үш негізін өздеріне тірек еткен. Ол, біріншіден – дін. Яғни, ерте ғасырлардың өзінде-ақ ұлан-ғайыр қазақ сахарасына кең тарап, жергілікті ұлттардың (оның ішінде түркі тектес тайпалардың) арасына сіңіп, олардың өмір-тіршілігімен қабысып кеткен ақиқат діні – Ислам діні. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) жайған діннің ең тазасын қаймағын бұзбай, сол қалпында елдің санасына жеткізген әулие ата-бабаларымыз. Екінші тірегі — салт-дәстүр. Қазақ тұрмысында «тал бесіктен жер бесікке» дейін қайталанып жататын далалық өркениеттің жарқын көрінісі. Салтынан, әдет-ғұрпынан қол үзбеген жұрттың кезінде талай өзге елдің өкілдерін, ғалым-зерттеушілерді тамсандырғанын білеміз. Имандылықтың үшінші тірегі – ана тілі.

Әдет-ғұрыптар мен сенімдердің негізгі қайнар көзі – Құран аяттарынан бастау алып жатса, олардың көбі Исламның екінші негізі болып саналатын хадистер мен сүннеттерден тұрады. Біздің қазіргі әдет-ғұрып деп ұстанып жүрген ата-баба мұраларының көпшілігін бабаларымыз сол кезеңдерде «сүннетті ұстану» ниетімен қалыптастырған. Бұған дәлел – көптеген әдет-ғұрыптар мен наным-сенімдеріміздің хадис және сүннеттерімен үндесіп жатуында.

Ислам діні ұлтымыздың бітім-болмысы мен мәдениетінде дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарында өзіндік із қалдырған. Халқымыздың тұрмыс-тіршілігінде сақталған діни дәстүрлер: сүндеттеу, неке қию, Құрбан айт пен Ораза айт, жарапазан, құдайы ас беру, бата беру, емдеу әдісі, тасаттық жасау т.б діни жоралғылардың өміршеңдігін көрсетеді. Сондай-ақ мазарлар мен кесенелер, мешіттер мен медреселер халқымыздың тарихында ұлт руханиятының асыл қазынасы ретінде қызмет атқарды. Бүгінгідей ақпарат айдынында түрлі идеологияның келуі халықты ұстанған салт-дәстүр, санасынан айыруды көздейді. Әрбір ұлт өзінің құндылықтарымен рухтанғанда ғана сырттан келген өзге жат идеологияны қабылдамайды. Бұл біздің дінімізге, салт-дәстүрімізге, санамызға жат дейді. Ал өзінің салтынан, дәстүрінен, санасынан айырылған ел сырттан келген біреудің қаңсығын таңсық деп қабылдайды. Бұл мемлекеттің тұрақтылығына, тәуелсіздігіне үлкен нұқсан келтіреді.

Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) өзінен бұрынғы пайғамбарлар мен өзінің арасындағы байланысты былай деп баяндайды. «Менімен менен бұрынғы пайғамбарлардың мысалы – үй тұрғызған бір кісі сияқты. Үйді әдемі көркем етіп салады, тек бір бұрышында бір кірпіштің орны бос қалады. Халық ол үйді айналып көріп ұнатып: «Әттең мына бір кірпіші қойылса ғой» дейді. Сол кірпіш Мен боламын», -деген екен. Көріп отырғанымыздай пайғамбарымыз «Үйді бұзып қайта тұрғызушымын деген жоқ, толықтырушымын, аяқтаушымын» – деген. Демек, дініміз жақсылық жолды қиратушы емес, керісінше толықтырушы екендігін көрсетеді.

Біздің бұдан алар үлгіміз Құран мен сүннет арқылы өмірін өрнектеген дана халықтың ұрпағы ретінде солардан қалған сара жол, даңғыл дәстүрді жаңғырта отырып кемелдендіруіміз керек. Әйтпесе, дәстүрді мансұқтау деген дайын үйді бұзып, далада қалумен тең.

Демек, ата-бабаларымыздан келе жатқан құндылықтар баға жетпес мол қазыналар секілді. Жиналған қазыналарды сақтап ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу әрқайсымыздың міндетіміз. 

 

Көксу аудандық Балпық би мешітінің бас имамы Еділбек Ерімбет

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз