https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Аллаға тәуекел ету

23 Sep 2021 0 comment Оқылды: 456 рет

 

    Әлемдердің жаратушысы болған Аллаға мақтау болсын! Пайғамбарымыз хазреті Мұхаммедке Алланың игілігі мен сәлемі болсын. Мұсылман адам бір істі бастар алдында бір Алланың атымен бастайды, ал қандай да бір маңызды іс қылуға ниет еткенде Аллаға тәуекел етеді. Аллаға тәуекел етуші ісін Жаратушысына тапсырады. 

«Тәуекел-атқаратын істе Аллаға сену, Оған арқа сүйеу, үміттену және Оны еске алып, жүректің тынышталуы. Сонымен қатар дүние істерінде, ризық-несібеде және жүзеге асуы Аллаға тиесілі болған барлық іске қатысты қайғы мұңнан жүректі арылту»-, деп түсінік береді. Яғни Аллаға тәуекел ету дегеніміз себептерін жасаған соң Аллаға тапсырып, Аллаға ғана арқа сүйеу деген мағынада. Қазақта «Тәуекел түбі жел қайық өтесің де кетесің»- деген қанатты сөз бар. Шынайы бір Жаратушыға тәуекел етіп, бел байлаған адамның күткен нәтижесі де жақсы болмақ. «Тәуекелсіз іс бітпейді, тәуекел етпеген арықтан да өтпейді» дегендей әрбір істі бастау үшін тәуекел керек. . Қазақ халқының Жаратқанға тәуекел етуді жақсы түсінгенін осы даналық сөздерден белгілі екенін көреміз. 

Алла Тағала қасиетті құранда: «Егер бір іске бекінсең, Аллаға тәуекел ет. Ақиқатында Алла тәуекел еткендерді жақсы көреді»,- дейді. (Әли Имран сүресі 159 аят).

Тәуекел сөзі қазақ тіліне Құран тілінің «тәуәккүл» яғни «уәкіл ету, бар ісін тапсыру» деген мағынаға саятын сөзінен енген. 

Адамды Аллаға жақындатып, кемелдікке жетелейтін қасиеттің бірі Жаратқанға тәуекел ету. Тәуекел-жүрекпен һәм он екі мүшемен жасалатын ерекше ғибадат. Мүмкін болған себептердің барлығын жасай отырып, істің нәтижесін Аллаға тапсыруды, Алладан үміт етуді меңзейді.

Тәуекел- көзге көрінбейтін, қолымен ұстай алмайтын ғайып нәрсе. Әрбір істің себебін жасап, кейін нәтижесін Аллаға тапсырған пенде міндетті түрде нәтижесін көреді. Айналаға көз тастап бір сәт ойланған пендеге табиғатта түгелмес ғибрат бар. Құс екеш құстың өзі ұясынан таңертең аш құрсақ ұшып шығып, өзін де балапандарын да азықпен қамтамасыз етеді. Алланың елшісі Мұхаммед (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) пайғамбарымыз;)«Егер сендер Аллаға нық тәуекел етсеңдер, онда Ол сендерге таңертең қарындары қабысып шығып, кешке қампайып қайтатын құстарды ризықтандырғаны секілді ризық береді»,-дейді. (Имам Тирмизи риуаяты). 

Ананың жатырында жатқанда ауамен демалдырып, ризықтандырған Алла, тәуекл еткен пендесін ризықсыз қалтырмасы анық. Шыр етіп дүниеге келгеннен бастап, ғұмырымыздың соңына дейін әркімнің рыздығын жазып қойған бір Алла. Жаратушы Жаббар Иеміз әрқайсымыздың бұл дүниеде алатын несібемізден қақпайды. Тек әркім адал еңбек етіп табыс табуы керек. Ал арамнан тапқан дүниенің берекесі болмасы хақ.

Алла Тағала қасиетті Құранда; «Әсте өлмейтін, мәңгі тірі Аллаға арқа сүйеп, тәуекел ет!» (Фурқан сүресі – 58 аят )

«Егер шынымен мүмин болсаңдар, бір Аллаға тәуекел етіңдер»,-дейді.(Мәйдә сүресі -23-аят )

Аллаға тәуекел ету деген Алма піс, аузыма түс деп еш қам-қарекетсіз жату деген сөз емес, тәуекел етумен лайықты әрекет ету де қатар жүреді. 

Бір кісі пайғамбарымыздан; (Алланың игілігі мен сәлемі болсын)«Уа, Расулалла! Түйемді байлап, сосын Аллаға тәуекел етейін бе, жоқ әлде бос жібере салып тәуекел етейін бе»,-деп сұрайды. Сонда пайғамбар «Алдымен байлап қой, сосын тәуекел ет»,-деген екен.(имам Тирмизи риуаяты). Яғни тәуекел еттім дем, оның себебін жасамау дұрыс емес.

Мына бір ғибратты қиссада су атасы Сүлеймен пайғамбар мен құмырсқаның тәуекел жайлы әңгімесінде былай делінген:

Күндердің бір күні Сүлеймен пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) құмырсқадан жылдық азығын сұрайды. Сонда құмырсқа: -Жалғыз бидай бір жыл жеуіме жарайды,- дейді. Оны сынамақ болған Сүлеймен пайғамбар әлгі құмырсқаны алып шыны әйнекке қаматады, тыныс алуына жағдай жасап, қасына бір тал бидай дәнін қойғызады. Арада бір жыл өтеді. Шыны әйнектің аузын ашып қараса, құмырсқа аман-есен, бидайдың жартысын ғана жеген екен. Таңырқаған Сүлеймен пайғамбар: Бұл қалай, бір жылда бір бидайды тауыспапсыңғой!-дейді. Сонда құмырсқа жан біткеннің тілін ұққан Сүлеймен пайғамбарға: «Оны тауыспағанымның мәнісі бар. Әсілінде несібемді бір Алланың өзі береді. Ол берсе мен несіне қам жейін?! Алаңсыз жүріп, бидайымды бір жылда жеп тауысамын. Өйткені Жаратушы өзінің жаратқанын ешуақытта ұмытқан емес. Мына тар қапасқа қамаған соң Сүлеймен пайғамбар түптің түбінде пендешілігі ұстап мені ұмытып кетсе қайтемін деген сақтықпен бидайдың жартысын ғана жеп, қалғанын келер жылға сақтап қойдым»,- деген екен.

Аллаға ғана тәуекел ету жүрекке тыныштық орнатып, сын сағатта сүйеу болады. Аллаға шынайы тәуекел еткен адам Оның жазған тағдырына разы болады. Алланың ісіне толық мойынсұнады және үкімнің орындалуынан жүрегі толық тыныштық табады.

 

 

Алакөл ауданының бас имамы Әнет ОМАРХАНҰЛЫ

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз