Мұстахаб намаздардың бірі саналатын Аууабин намазы ақшам намазынан кейін оқылады. Алла елшісі (с.ғ.с): «Кімде кім шам намазынан кейін алты ракағат намаз оқыса аууабиннен болады» – деген.
«Аууап деген кім?» деген сұраққа ғалымдар: «Жасаған күнәсіне бірден тәуба етуші адамды аууабин деп атаймыз» – деу арқылы бұл намаздың маңыздылығын ұғындырған.
Ұлы Жаратушы Раббымыз қасиетті кітабы Құран Кәрімде былай деген:
وَمَنْ يَتَّقِ اللَّهَ يَجْعَلْ لَهُ مَخْرَجًا ﴿٢﴾
وَيَرْزُقْهُ مِنْ حَيْثُ لَا يَحْتَسِبُ ۚ
«Кімде кім тақуалық қылса Алла Тағала оған ойламаған жерден есік ашып, есепсіз ризық береді» – деген мағына беретін аяттың сыры терең.
Тақуалықтың ең үлкені – намаз. Адамды Жаратушы Раббысына жақындататын да намаз. Тіпті, пендені Алла Тағаланың сүйікті құлына айналдырар амалдардың ішінен намаздан артығын таба алмаймыз. Аууабин намазын пайғамбарымыз (с.ғ.с) ұдайы оқып, бекітілмеген сүннеттердің қатарына кіргізген. Алла елшісінің көрсеткен жолы мұсылман баласы үшін басты бағыт екендігі қасиетті Құран Кәрімде былай баяндалған: «(Мұхаммед с.ғ.с) оларға: « Егер Алланы сүйсеңдер, онда маған ілесіңдер. Алла Тағала сендерді жақсы көріп, күнәларыңды жарылқайды. Өйткені Алла аса жарылқаушы, ерекше мейірімді» деп айт».
Сондықтан Раббымызға жақсы көрінуді қаласақ онда Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) ұстанған жолын жанымыздай жақсы көріп, көрсеткен үлгісін айнытпай атқаруымыз керек. Сонда ғана Жаратушы Алла Тағала бізді жақсы көріп, қателігімізді кешіріп, жоғары дәрежеге көтеретіні сөзсіз.
Тағы бір құдси хадисте Алла елшісі (с.ғ.с): «Менің әулие достарыма қарсы шыққандарға мен соғыс ашамын. Ешкім маған еш нәрсемен жақындай алмайды.Құл парыз қылған құлшылықтан басқа парыздарды орындағанда раббысына жағымды бола түседі. Дегенмен нәпіл құлшылықтарды көп орындаса біз оны жақсы көріп қаламыз. Біз кімді жақсы көріп қалсақ оның еститін құлағы, көретін көзі, ұстайтын қолы, жүретін аяғы боламыз. Ондай құл бір нәрсе сұраса міндетті түрде береміз. Егер ол пана сұраса оған пана боламыз» – деген.
Ендеше Раббыңызға сүйкімді адам болам десеңіз аууабин секілді намаздарды әдетке айналдырғаныңыз жөн.
Саубан (р.а.): «Алла елшісінен: «Көп сәжде қыл! Адам баласының жасаған сәждесі оны бір дәрежеге көтереді және оның бір қателігін кетіреді» – дегенді естідім» – дейді. Олай болса мұсылман адамның үнемі әдетке айналдырған бір намазы болуы тиіс. Ол аууабин намазы болса өте керемет, даналық жолына түскен болмақ.
Ибн Аббастан келген хадисте Алла елшісі (с.ғ.с): «Кімде кім ақшам намазынан кейін сөйлеместен төрт ракағат намаз оқыса Алла Тағала оның дәрежесін гилииынға (жоғары дәрежеге) көтереді және әл-Ақса мешітінде қадыр кешін өткізгендей сауапқа ие болады» – деген.
Біз біле бермейтін напіл ғибадаттардың тылсым кереметтері өте көп-ақ. Солардың бірі – аууабин намазы болса керек. Аууабиннің артықшылығын айтқан хадистер баршылық. Соның бәрі аууабин намазын оқыған адамға берілмек. Имам Термизи жеткізген тағы бір хадисте Алла елшісі (с.ғ.с): «Кімде кім ақшам намазынан кейін алты ракағат намаз оқыса Алла тағала он екі жылдың құлшығының сауабын береді» – дегені айтылады. Міне, Алла елшісі, пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) бізге үйреткен әрбір амалында екі өмірдің берекесі бар.
Ендеше екі дүниенің жақсылығына, берекесіне кенелгіңіз келсе ауаббин намазын оқыңыз!