https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Ислам –бейбітшілік діні

30 Nov 2015 0 comment Оқылды: 7446 рет

                                         

Ислам - араб тілінде бейбітшілік, тыныштық  деген мағына береді. Аты айтып тұрғандай Исламның бейбітсүйгіш дін екенін атауынан байқауға болады. Әлемдік діндерден  християн,буддизм діндері  сол діннің негізін саушы адамдардың атымен байланысты болып жататынын байқаймыз. Мәселен Християн діні Иисус Христостан ал Буддизм діні Буддадан алынғаны белгілі. Ислам дінінің аты не пайғамбарға не жерге не руға не адамның атына еш байланысы жоқ. Асыл дініміздің атын әлемдердің Жаратушысы ұлы Раббымыздың өзі қойған. Сан ғасырлар бойы жер бетінде қан төгіс, жанжал, әділетсіздік жайлап, адамзат баласы небір ауыртпашылық пен азапты бастан кешіруде. Алла  адамзатты жаратқаннан соң олардың қалай тұрып қалай жүру керек екенін білдіру үшін пайғамбарлар арқылы дін жіберді. Ислам діні 14 ғасыр бұрын келді. Яғни  екі дүние сардары болған Мұхаммед с.а.с пайғамбарымызға  23 жылда қасиетті Құран кәрим кітабы түсті. Құран – адамзатқа тура жол көрсетуші , ақ пен қараны айырушы кітап. Исламның әлемдік дінге айналуының сыры неде? Ол адамзатқа Алланың бар және бір екендігін, барша әлемді бір Алланың жаратқандығынан хабар беріп, адамдар арасында тәртіп орнатып, бауырластыққа бастайды. Адамммен адамның жаратылысының  тең екендігін корсетіп, бақытты болудың жолын көрсетеді.       

       Ислам келгенге  дейін араб түбегінде зорлық зомбылық, қан төгіс белең алған еді. Әйел баласы зат сияқты сатыла беретін. Қыз бала туса тірідей көме салатын. Өлтіру керек болса өлтіре салатын, оның құны сұралмайтын болған. Осындай сорақылықтан басқа да көптеген адам айтқысыз жайттар етек алған. Ислам діні келген соң ер де әйел де, бай мен кедей де оның түр тұлғасы, атақ-даңқы, дүние- мүлкі емес, Алланың алдында  адамзаттың барлығы тең екенін көрсетіп, жер бетінде бір-біріне тек жақсылық жасап,  жамандықтан қайтаруға шақырды.

 Алла Құран кәримнің Мәйда сүресі 2-аятында «Ізгі істерге, тақуалыққа көмектесіңдер. Күнә жасауға, жаулыққа жәрдемші болмаңдар. Құдайдан қорқыңдар, Оның қаһары тегінде тым қатал»-дейді. Сондай-ақ өзге дін өкілдерімен де жақсы қарым-қатынаста болуға шақырады. Ол жайында Ғанкабут сүресі 46 аятында «Бұрын кітап түсірілген адамдармен өте сыпайы сөйлесіңдер»- дейді.

      Ислам діні келгелі араб түбегінде бұрын-соңды болмаған, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман туды. Содан бері 14 ғасыр өтсе де хақ дініміз өзінің асыл құндылықтарын жоғалтқан емес. Алайда, кейбір батыс шығыстанушылары мен басқа да дін дұшпандары тарихты бұрмалап, ислам қылыштың жүзімен таралған деп теріс оқытты. Бақара сүресі 256 аятында «Дінде зорлық жоқ»-десе, Нахл сүресі 125 аятында «Адамдарды Раббыңның жолына даналық және көркем үгіт арқылы шақыр»-деп, адамдарға сыпайы түрде насихат жасау керектігін баян етеді. Өкінішке орай қазіргі кезде жамандық атаулыдан пәк дінімізге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын ислам терроризмы, экстремизмы деген жалған атаулар пайда болды. Пайғамбарымыз Мұхаммед с.а.с өзінің бір мүбарак хадисінде «Нағыз мұсылман - басқа бір мұсылманға тілімен де қолымен де зияны тимеген адам»- дейді. Алла Тағала «Кім бұрын-соңды кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық қылмаған біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен тең»-дейді Майда сүресі 32 аятында.

   Әлемде ең тез дамып жатқан дін – ол Ислам діні. Жылдан жылға жүздеген тіпті мыңдаға басқа дін өкілдері хақ дін Исламды қабылдауда. Осыны көре алмаған дін дұшпандары асыл дінімізге барынша күйе жағып, Исламды  құбжық қылып көрсетуге тырысып бағуда. Алайда Алла Тағала өзі түсірген  дінді сақтайтыны хақ. Қазіргі таңда қолына қару алып, Сирияға аттанып, жиһад жасап, халифат құрамыз деп өздерін өздері жарып  жүргендердің  діни білімі жоқ, сайқал саясаттың құрбандары екенін өздері де білмесі анық. Әйтпесе Құранды оқып, хадисті жаттаса, ондай бассыздыққа еш бармас еді. Бұл дертпен ел болып күреспесек, ел тыныштығы мен болашақ ұрпағымызға үлкен қауіп тудырары сөзсіз.

    Жиһад- белгілі бір мақсатқа қол жеткізу жолында күресу дегенді білдіреді. Қасиетті Құранда жиһад сөзі 35 жерде келсе, оның төртеуі ғана қарумен соғысуға шақырған. Оның өзінде қарумен соғысу тек елге қауіп төнгенде, патшаның рұқсатымен ғана еліңді, жеріңді, отаныңды қорғау үшін болады. Ал, Исламдағы ең үлкен жиһад ол өз нәпсіңмен күресу яғни бойыңдағы жамандыққа тартатын жаман қасиеттермен күресу, олардан арылу үшін әрекет амал жасау.

    Пайғамбарымыз Мұхаммед с.а.с қашанда адамдарды бауырмалдыққа, ауызбірлікке, көркем мінезді болуға шақырды. Біздер мұсылман болғанымызға сансыз шүкірлер айтуымыз керек. Алла елшісі мен Ислам дінін талай аты әлемге мәшһүр танымал тұлғалар мойындап кеткен.Мәселен Нобель сыйлығының лауреаты, жазушы, драматург Джордж Бернард Шоу «Егер қайсы бір дінге кейінгі 100 жылда Англияны, тіпті бүкіл Еуропаны басқаруға мүмкіндік туса, ол тек Ислам ғана болар еді. Мен Мұхаммед(с.а.с) әкелген дінге оның ғажайып өміршеңдігі үшін үлкен құрметпен қарадым. Менің түсінігімше, бұл өмірдің ауыспалы жағдайларына тез бейімделетін қабілетке ие бірден-бір дін, сондықтан барлық жастағы адамдарға сөзсіз ұнауы мүмкін. Мен оның өмірімен таныстым, меніңше ол ғажайып жан, антихрист емес, қайта оны адамзаттың құтқарушысы деп білу керек. Егер қазіргі әлемді басқару құқы сол секілді бір адамға берілетін болса, ол барлық мәселеледі шешер еді және бұл шешімдер сондайлық тыныштық пен бақыт әкелер еді. Мен ертеңгі Еуропаның Мұхаммедтің(с.а.с) дінін қабылдайтынын болжаймын, тіпті Еуропа оны қазірдің өзінде мойындай бастады», - деген болса,  орыс ойшылы Лев Толстой «Кез келген саналы адамның соңғы табан тірер жері-Ислам» деп өлер шағында асыл дінімізді мойындап кеткен.

     Алла Тағала тәуелсіз еліміздің тұғырын қашан да биік етіп, арам пиғылды адастырушы топтардан сақтасын!

  

Алакөл ауданының бас имамы Әнет Молдахметов   

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз