Қайырымдылық – көмекке мұқтаж азаматтарға көрсетілер қайтарымсыз көмек, ізгіліктің анық көрінісі саналатын адамның асыл қасиеті. Қазақ халқы ұрпағына қайырымдылықты жастайынан үйретіп, адамгершілік қасиеттерге баулыған.
Қаратал ауданның иманды азаматтары қайырымдылық жасауға келгенде аянып қалған емес. Әсіресе, қасиетті Рамазан айында жоқ-жітіктерге қолында барымен бөлісіп, осынау қасиетті айда зор сауап алуға ұмтылуда. Иә, «Қыран жемін шашып жейді, құзғын жемін басып жейді» деген мақалды жақсы білетін жерлестер бір-бірін ауызашарға шақырып, пітір садақа беріп қана қоймай, тұрмысы төмен отбасыларға көмектесуде. Олар аса ауқатты тұрмаса да, мейірімді жүрегі мен таза ниетінің арқасында қайырымдылық жасауға ұмтылып тұрады. Тұрмыстың қиындығына тап болған адамға қол ұшын созады. Мұндай жомарт жандар Үштөбе қалалық мешіті ұйымдастырған рухани іс-шаралардан да қалыс қалмай, демеушілік көрсетіп отырады. Жуырда ислам және ізгі қоғам іс-шарасы аясында өткен «Салиқалы ізгі ұрпақ - ел ертеңі» атты шарада атымтай азаматтар барлық шығынды өздері көтеріп алып, жұртшылық ризалығына бөленді. Осынау имандық шарасында хадистен жарыс өтіп, түрлі спорттық ойындармен бірге халқымыздың төл өнері насихатталып, тұсау кесер, қошқар көтеру, гір көтеру, арқан тарту, асық ату, тоғызқұмалақ ойындары ойнатылды. Ислам дінін ұстанған, «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген хакім Абайдың қара сөздерін кішкентай бүлдіршіндер жатқа айтқанда жамағат риза болды. Сайысқа қатысқан 20 баланың ішінен оза шыққан үш балаға велосипед сыйға тартылды. Қалған балаларға да бағалы естелік сыйлықтар табыс етілді. Артынан жамағатқа ауызашар ұйымдастырылды. Әрине, Үштөбе қаласы орталық мешіті тарапынан өткізіліп жатқан, қайырымдылық көрініс табатын мұндай шаралар жетерлік.
http://taglim.kz/blogs/is-sharalar/item/4115-ajyrymdyly-adirli-is.html#sigProIdf01ff6677c