ҚМДБ Жетісу облысы бойынша өкілдігінің «Жастар ісі» секторының ұйымдастырумен өңірдің барлық мешітінде мектеп жасындағы балалардың уақытын тиімді пайдалану үшін жазғы сауат курстары ұйымдастырылды.
Бір айға жуық жеткіншектерге Құран әліппесі, иман шарттары, құлшылық негіздері, әдеп пәндері бойынша түрлі дәрістер мен танымдық сабақтар жүргізілген болатын. Алған білімдерін қаншалықты түсініп, игергендерін анықтау мақсатында балалардан емтихан алынып, сауаттылықтары сынға түсті. Зерек әрі елгезек ұл-қыздарымыз әр сабаққа үзбестен қатысқандықтарының нәтижесінде емтихандарды жоғары деңгейде тапсырып, Бас имам Алмас Сағидоллаұлының атынан марапатталды. Болашақ елге, дінге адал қызмет етуші бүлдіршіндерімізге наиб имам Мадияр Қайратбекұлы: «Жазғы демалыстарыңды тиімді өткізіп, сауат ашу курсында ерінбей оқып білім алғандарың үлкен мақтауға тұрарлық. Өздеріңдей жастар арқылы біздің болашағымыз көркейе бермек. Алған ілімдеріңді амалмен жүзеге асырып, қоғамға пайдалы азамат болыңдар,» деп ыстық ықыласын білдірді.
{gallery}Kurs{/gallery}