Құрметті отандастар, бауырлар!
Сіздерді күллі мұсылман қауымы сағына күткен, берекеге толы, он екі айдың сұлтаны болған Қасиетті Рамазан айының келуімен құттықтаймын!
Оразаға аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтау-мадақтар болсын! Әр отбасына амандық, бақыт пен береке тілеймін! Жаратушы Алла жар болсын!
Рамазан – жақсылықта жарысатын ай. Сауаптар еселеніп жазылатын бұл айда жасалған қайырлы істің қайтарымы адам баласы үшін құпия-сыр. Тіпті, ауыз бекітушіге берілетін сый мен сауап, құрмет пен марапат пайғамбарлар мен періштелерге де белгісіз.
Өйткені, құдси хадисте Алла Тағала: «Ораза – тек Мен үшін. Оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін…» – деп оразаның қадірі мен қасиетін, мәні мен маңызын баяндаған.
Шарапаты мен шапағаты мол айда сауап жинауға, ішкі дүниемізді тазартуға, Жаратушының разылығына бөленуге асығайық, ағайын!
Рақым айы рамазанда ұстаған оразамыз, жасаған дұға-тілектеріміз, құлшылық-ғибадаттарымыз, әрбір қайырлы амалдарымыз қабыл болғай! Алла Тағала отбасымызға амандық, жұмысымызға береке-бірлік нәсіп еткей! Еңселі еліміздің болашағы жарқын, тәуелсіздігіміз баянды болғай! Әмин!