https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Діні қуатты елдің іргесі берік

26 Feb 2017 0 comment Оқылды: 1430 рет

Имандылық

 

Таяуда Ә.Сарыбаев атындағы Мәдениет үйінде «Діні қуатты елдің іргесі берік» атты жиын өтті. Мақсаты - бірлікті берік ұстап, қатер төндіретін жат ағымдардан сақ болып, ынтымақты ту етіп, имандылықты жанына серік ету, кез-келген ағымға төтеп беретін имунитет қалыптастыру және Елбасымыздың дінді деструктивті мақсатта пайдалануға жол бермеу бағытында Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру. Аталмыш жиынға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының  республикалық ақпараттық-насихаттық тобының мүшесі, Қостанай облысының өкіл имамы Тәжімбет Бақытбек Нұрғабылұлы, Алматы облысы Талдықорған өңірінің өкіл имамы Ақмәдиев Серікхан Рымханұлы, Алматы облысының дін істері басқармасы дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығының дінтанушы маманы Матаев Ерлан Жұманұлы арнайы іс-сапармен келіп, аудан тұрғындарымен кездесу өткізді.

Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі, Қостанай облысының өкіл имамы Бақытбек Нұрғабылұлына алғашқы сөз кезегі берілді.

- Ең әуелі өзге мемлекетте емес, тіліміз де, мәдениетіміз де, салт-дәстүріміз де өзімізге тән, дініміз әлемдік болған қазақ жеріне Аллаһ Тағалаға сансыз шүкірлер айтуымыз керек. «Құдайдан қорықпағаннан қорқыңдар» деп бабаларымыз айтып кеткен. «Ислам және терроризм», «Ислам және экстремизм» деген балама сөздер бір-бірімен байланыстырылып айтылып жүр. Ол дұрыс қолданылмаған сөздер деп түсінуіміз керек. Пайғамбарымыз с.ғ.с. мәжбүр болған соғыстарда қарттар, әйелдерге және балаларды өлімге қимаған. Ислам діні келгенше Араб жерінде әйел адамның қоғамда өзіндік орны болмаған. Қызбала дүниеге келген отбасының абыройы төгілген. Тәй-тәй басқан шағында тірідей көмілген. Бір күні Омар деген пайғамбарымыздың ( с.ғ.с.) сүйікті бір сахабасы қайғырып: «Мен екі нәрсені есіме түсіргенде, оның біріне күлемін де екіншісіне жылағым келеді» дейді. «Күлетін себебім, біз құдайға сыйынбайтынбыз, пұтқа табынатынбыз. Қолдан жейтін заттардан құдайды жасап аламыз да табынамыз. Жейтін ешнәрсе болмай қалса, сол қолдан жасаған «құдайымызды» жеп қоямыз. Осыған күлкім келеді.  Ал жылайтыным: мен қызды болдым. Ол әдемі еді. Тілі шыққан кезде кішкентай сәбиімді тірідей көмуге жолға шықтым. Жерді қазып жатқанымда, сақалыма топырақ жабысып қалыпты. Қызым сақалымды қағып жатыр. Мен оған: «Не істеп жатырсың?» десем, ол: «Әкетай, сақалыңыз былғанып қалыпты» деді. Сол қызымның мейірмандығына, кішіпейілділігіне қарамастан, қызымды тірідей көміп тастадым» дейді.

Ал енді Ислам дінінің келуімен әйелдердің қоғамда алар орны тіптен бөлек болды. Құранда: «Әйел – ол сендердің жерлерің» дейді. Жерге неше түрлі дәндер, жеміс-жидектер егіледі, көбейеді. Адамдардың көбеюі, қоғамның бар болуы, адамзаттың жалғасуы әйел-аналарға байланысты. Жәннат-аналардың табанының астында. Кімде-кімнің үш қызы болса, оған әдемі есім берсе, иманды, ибалы етіп тәрбиелесе, жақсы күйеубала тауып, оған ұзатса, сол ата-ана жәннатқа кіреді делінген. Жасыратыны жоқ, қазіргі кезде ер азаматтар «қыз туылды» дегеннен гөрі «ұл туылды» дегенге масаттанып, ерекше қуанып жатады. «Қыздардың тәрбиесіне көңіл бөлген ата-аналар жәннатқа кіреді» деп бекерге айтпайды. Бүгінде «Сәбиін дәретханаға тастап кетіпті, жолға, қоқыс жәшігіне лақтырып кетіпті, тұншықтырып өлтіріпті» дегенді естіп, көріп жатырмыз. Жауыз, тасжүрек, имансыз қыздар пайда болды. Бұл неден? Тәрбиенің жоқтығынан, әрине. Біздің балалық шағымызда «Қызды қырық үйден тыю» деген сөз болған. Біз таң намазына барамыз, құптан намазынан қайтып келе жатамыз, сонда көшеден масайған, тәлтіректеген қара көздерді көреміз. Осындай індет пайда болды. Болмаса, хиджаб киіп, тұмшаланып алған қыздарды байқаймыз. Біз деген, иманды, дана халықтың ұрпағымыз ғой. Қазақтың мәдениеті, әдет-ғұрпы өзіне жетіп-артылады. Өзге елге еліктемей, ою-өрнекті киімдерімізді, кимешектерімізді киіп, орамалымызды тағып, қазақ екенімізді көрсетіп, исін шығаруымыз керек. Аталған кемшіліктерден байқайтынымыз, ата-аналарымыздың қадірінің қалмауы.

Ата-бабаларымыз бұған дейін небір шапқыншылықты бастарынан өткеріп, талай ұрыс-соғыстарды бастарынан кешірді. Сонда да әлемде жер көлемі жағынан тоғызыншы орында тұратын ұлан-ғайыр жерді ұрпағына аманатқа қалдырды. Сондай соғыстардан кейін «қарттар үйі, балалар үйі, жесірлер үйі болған» дегенді естідік пе? Жесір қалған әйелді қайнысына қосып, жесір қылмаған, балаларын тірі жетім етпеген. Қарттарды далада қалдырмаған. Құрметті халайық, біздер, жылқы жеп, оның құлағында ойнаған елміз. Текті мал - жылқының қасиетін өздеріңіз білесіздер. Сондықтан, ата-аналар, отбасымыздағы ұл-қыздарымызға жақсы тәрбие берейік. Діннің тұрақтылығы - тыныштықтың арқасы. Еліміз тыныш болсын,-дей келе, елімізде орын алған террорлық актілерге тоқталып өтті. Қолына қару алып, кісі өлтірген жігіттермен әңгімелескенін, олардың әрқайсысы басқа бағытты ұстанып, ислам дініне кереғар пікірлерді айтқанын мәлімдеді.

Бұдан соң Талдықорған қалалық өкіл имамы Серікхан қажы Рымханұлы бұл ақпараттық-насихаттық топтың құрылу себебін түсіндіріп, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлының тапсырған тапсырмасын орындап, барлық жерде ақпараттық-насихаттық топ өздеріне тиесілі жұмысты атқарып келе жатқанын, дінсіз қоғамның болмайтынын, ақіретте есеп-қисаптың болатынын, туған-туыспен араласу, қандай жағдайда да кешірімді болу, жақсылық жасау керектігін, «Қызым, саған айтам, келінім сен тыңда» дегендей ыңғайын келтіре, жамандықтың, түсініспеушіліктің алдын алуға тырысу, кешірімді болу, бір ата-ананың баласындай тату-тәтті ғұмыр кешу керектігін тілге тиек ете, Аллаһ Тағаланың алдында әрбір жаратылыстың құнды екенін, Ислам дінінің бүкіл қағидаттары - татулық, түсіністік және түсініспеушіліктің алдын алу екендігін ашып айтты.

Алматы облысының дін істері басқармасы дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығының дінтанушы маманы Ерлан Жұманұлы Матаев: «Ақпараттық-насихаттық топтың мүшесі Бақытбек ағамыз бірнеше күннен бері бізбен бірге біршама ұсыныстарды, сұрақтарды естіп, жауап беріп келе жатыр. Кербұлақ ауданында өтетін іс-шараларға өзім көптеп қатысып жүремін. Бұл өңірдің ауызбірлігі мығым, әртүрлі ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүруде» дей келе, діннің қазіргі таңда өзекті мәселе екенін, кез-келген қоғам мүшесінің оған бей-жай қарамау керектігін, жат ағымдардың қоғамға келтірер залалдары болып жатқанын, оның себебі - діни сауаттылықтың төмен екендігінен екенін, зайырлы мемлекетіміздің атына жағымсыз сөздер айтылып жататынын, оны дұрыс түсінуіміз керектігін, бүгінгі ұрпақты біздер тәрбиелемесек, ертеңгі күні бармақ тістеуіміз мүмкін екендігін, бір ұлтты қарумен жаулағаннан гөрі идеологиямен жаулағанның әлдеқайда жеңіл екенін аңдаған жат ағымдылардың көздегендері осындай пиғыл екенін, «Байығың келсе, дін ойлап тап» деген бір білгірдің сөзінен жат пиғылдылардың қоғамға әкелер пайдаларынан зияны көп екенін айтып, көпшілікке ауызбірлік пен ынтымақтың алмайтын қамалы жоқ екенін тағы бір мәрте еске салды.

Келген қонақтар залдан түскен сұрақтарға тұщымды жауап қайырды. Қостанай облысының өкіл имамы Бақытбек Тәжімбетке «Құрметті Бақытбек Нұрғабылұлы, жеті ғажайыптың бірі атанған Әнші құм – айғайқұм орналасқан қасиетті мекен – Күреңбел жеріне келген сапарыңыздан естелік болсын» деп аудан әкімі Бағдат Байшалұлы Алиевтің қолтаңбасы жазылған кітапты сыйлыққа тарту етті. Аудан әкімінің орынбасары Болысбай Тоғысбайұлы Момбаев маңызды кездесуді қорытындылап, келген қонақтарға, жиылған қауымға алғысын білдірді.

Айнаш ҚАСЕНОВА. 

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз