«Халал» деген жазуы бар түрлі өнімдер бүгінде дүкен сөрелерінде сіресіп тұр. Әсіресе, ет, шұжықтардың сыртқы қаптамаларында. Иә, мол табыс табуды ғана көздеген кейбір кәсіпкерлер ет, нан өнімдерінің сыртына «халал» деп жазып, нарықтық сатылымға шығарып жатқаны жасырын емес.
Осыдан екі жылдай бұрын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан осы бағытта жұмыс істейтін "Халал өнімдерін стандарттау" бөлімі құрылған болатын. Енді биылғы ақпанда аталмыш басқарманың құрылтайшылығымен халал стандарттарын енгізумен және өнімді сертификаттаумен айналысатын «Халал даму» ЖШС ашылды.
Осы уақыт аралағында «Халал даму» ЖШС-нің арнайы сертификатына еліміз бойыша 50-ге жуық кәсіпорын иеленіпті. Оның екеуі Талдықорған қаласында орналасқан «Баракат кафесі мен Кишлак мейрамханасы». Бұл жөнінде Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚМДБ жанынан ашылған «Халал даму» ЖШС-нің директоры Бейбіт Мырзагелдиев айтып берді.
- Бүгінгі таңда бізде өнімдерге гендік сараптама жасайтын озық үлгідегі аппараттар да бар. Сондықтан кез-келген кәсіпорын өнімдерінің халал стандартының талаптарына қаншалықты жауап бере алатындығын тиісті деңгейде анықтай аламыз. Біз еліміздегі халал индустриясының дамуын, ел азаматтарының мейлінше жақсы өмір сүруін қамтамасыз етуді мақсат етеміз. Дұрыс бауыздалмаған малдың еті де денсаулыққа зиян. Сондықтан біз Республика көлемінде қасапшыларды оқытуды қолға алып жатырмыз. Қойылған талаптардан сүрінбей өткен қасапшыларға арнайы мөр басылған құжат беріледі, - деді Б.Мырзагелдиев bnews.kz-тің хабарлауынша.
Іс-сапар қаламыздағы екі асхананы тексеру жұмыстары мен басталып, олардың халыққа ұсынылып жатқан ас-тағамдарына ҚМДБ Халал сертификатын табыс етумен жалғасын тапты.
Ертесінде Тікелей эфир, брифинг, баспасөз құралдарына сұхбат беріп, артынша жұма намазына жиналған жұртқа уағыз айтып, сұрақтарына жауап берілді.
ҚМДБ Талдықорған өңірі
бойынша баспасөз қызметі