{gallery}29092015{/gallery}Құрбан айт – еліміздің береке – бірлігін, татулығын, мейірімді қайырымдылығын, жомарттығын, кеңдігін көрсететін ең ұлық мереке. Бұл күні бақуатты адамдар жоқ – жітікке қол ұшын беріп, араздасқандар қайта табысып жатады. Біздің ауданымызда да құрбан айт мерекесі өз деңгейінде тойланды. Құрбан айт күні айт намазына жиналған көпшілікке аудандық мешіт лық толды. Намаз басталмай келген жамағат алдымен мәнерлі – мағынасы, келешек ұрпаққа үлгі – өнеге беретін өсиет әңгімелер тыңдады. Аудан әкімі Әділбек Далбағаев, аудандық мешіт бас имамы Анарбай Манбетов құтықтау сөз сөйлеп, намазға, құрбан айт намазын өтемекке ниет етіп жиналған қауым сапқа тұрды.
Айт намазынан кейін жиналғандарға мешіт имамы Анарбай Тасболатұлы – Құрбан айт мерекесі осымен біткен жоқ. Біз жылда мешіт алдында түрлі мерекелік шара өткізетін едік биыл екі – үш күнге кейін шегеріп, жексенбі күні ауыл сыртындағы атшабарда ұлттың ат спортынан көкпар, бәйге өткізгелі отырмыз, соған келіңіздер – деп хабарлама жасады.
Мешіт алдында мерекелік шарлар тарқатылды, құрбан шалынып, ауыл азаматтары құрбандыққа шалатын «бұқа», «қошқарларын» – мешітке әкеліп, дұғаларын оқытып тастап кетіп жатты. Үш күн ішінде 130 шаңыраққа құрбан етінен таратылды.
Қазіргі таңда ауыл тұрғындарының көпшілігі, әсіресе жастар дінге жақсы көңіл бөлуде. Оны жұма сайын, «Жұма намазынан» да байқауға болады. Кейбір жастар жұмада ғана емес, күнделікті 5 уақыт мешіттен табылады.
Иә, сонымен асыға күткен жексенбі де болып ауыл тұрғындары ауыл сыртындағы атшабарға қарай ағылды. Тойшыл қауым жиналғаннан кейін, мешіт имамы Анарбай Манбетов ойынның әділ өтуіне тілектестігін білдіріп, көпшілікті мерекемен құтықтады. Ауыл ақсақалдарының бірі бата жасап, ойын басталды.
Түске дейін Қаракөз, Есеболатов, Арасан, Жансүгіров ауылдарының көкпаршылары арасында қазандыққа салудан командалық тартысты ойын болды.
Түстен кейін бәйгеге де кезек келді. Жүргізуші, коментатор аудандық Молықбай атындағы мәдениет үйінің қызметкері, той асабасы Бағлан Жүнісовтің сөздері мен қойған әндері, әуендерінің өзі көрермендер мен шабандоздардың делебесін қоздырады. Ал тойдың демеушісі кәсіпкер, ат спортын дамытушы, егінсулық Баяхметов Құмарғали ағамыз. Ол кісі өзі де ат қосып отыр. Қойған жүлделері де аттың теріне татырлық.
Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Жүлделі І орындарға мотоцикл, скутерлар берілді.