{gallery}2909{/gallery}Алланы ұлықтайтын такбир ташриқпен Талдықорғанда Қасиетті Құрбан айт мерекесін атап өту Арафа күнінен басталды. Бұл күні Талдықорған қаласындағы орталық базардағы бір қатар шаштараздары Құрбан айттың құрметіне шаш алу қызметтерін тегін жүргізді.
Ал, қаладағы 120 такси Құрбан айттың бірінші күні қаланың кез келген жерінен тасымалдау қызметтерін таңертеңгі сағат 6.00-ден түскі 12-ге дейін тегін жүргізді. Бұл, жұртшылықтың айт намазға келіп-кетуіне оңтайлы жағдайлар жасалынды деген сөз. Осындай игі іске үлестерін қосқан бауырларымызға Алла разы болғай!
Құрбан айтты қарсы алу бұнысымен шектелмей, орталық «Иман» мешітінің ұстаздары қаладағы орталық көшелерде нәзік жандыларды құттықтап, аналарымызға, әпке-қарындастарымызға гүл силап, сый-сияпатын жасады. Бұл мұсылман әйелдерімізге жасалған құрмет мереке алдындағы қаншалықты көтеріңкі көңіл сыйлады десеңізші!
Айт намазы оқылып бітуімен, мешіт ауласында арнайы дайындалған орында кез-келген мұсылман баласы келіп құрбандық шалуына мүмкіндік жасалынды. Талдықорған өңірінің өкіл имамы С. Ахмадиевтің тікелей бастамасымен жағдайы төмен отбасыларына, зағипты жандар, мүгедектер қоғамдық ұйымдарына құрбандықтың етінен таратылуы тек «Иман» мешітінде ғана емес, Талдықорған қаласындағы «Нұр», «Жетісу», «Еркін» мешіттерінде де қолға алынды.
Қасиетті жұма күнімен айт күнін ұштастыра, көпшілікке мерекелік көтеріңкі көңіл силау үшін орталық «Иман» мешітінде ұлттық спорт ойындарынан шара ұйымдастылды, атап айтқанда, «Бұқа тартыс», «Қазақша күрес», «Қошқар көтеру», «Асық ойыны», «100 метрге жүгіру» сынды спорт түрлерінен сайыстар болды.
Талдықорған өңірлік өкілдіктің баспасөз қызметі