Ақмола облысында орналасқан «KAZBEEF PROCESSING» қасапханасында «Халал Даму» мамандары тарапынан кезекті айлық тексеріс жүргізілді. Бақылау-қадағалау шараларын «Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы мен технолог, ветеринарлық санитария ісінің маманы Данияр Сафиев өткізді.
«Қазақстан аграрлы мемлекет болғанымен, елдің ішкі нарығын ауыл шаруашылығы өнімімен толықтай қамтиды деп айта алмаймыз. Сол себепті, өндіріс көлемін ұлғайтуға ғана емес, мал шаруашылығы өнімдерін тиімді пайдалану мен өнімділігін арттыруға да көбірек көңіл бөлінуде. Ішкі нарықтағы еттердің халал, таза, сапасы сын көтеретіндей, адам денсаулығына зиянсыз болуын да қадағалау қажет. Қадағалайтын органдардың бірі ретінде бүгін кезекті тексеріс шараларын «KAZBEEF PROCESSING» қасапханасында жүргіздік. Қасапхананың «Мал бауыздау жәнге ет өңдеу», «Халал өнімдерді өндіруге, өңдеуге, дайындауға, сақтауға, тасымалдауға және сатуға қойылатын жалпы стандарт талаптарын» сақтай отырып, өнім өндіріп, қызмет көрсететіндігіне көз жеткізілді. Шариғат және стандартқа сай мал бауыздап, ет өңдейтін «KAZBEEF PROCESSING» секілді қасапханалардың өнімін еш күмәнсіз тұтынуға болады. Себебі бұндай қасапханалар мен ет өңдеу орындарын шариғат мамандары мен кәсіби технологтар тарапынан қадағаланады» деді Айбек Асқарбекұлы.
Технолог, ветеринар маман Данияр Сафиевтің айтуынша, ықылым заманнан бері бабаларымыздан бізге жеткен мал сою технологиясының сақталынуы еттің сапасы мен дәміне әсер ететіні ғылыммен дәлелденген. «Ауырып, шаршап, тіпті қорыққаннан малдардың ағзасында күйзеліс (стресс) гормондары бөлініп, етінің сапасы мен дәміне кері әсер етеді. Сондықтан қазақтың мал сою әдістері малды қорқытпай, қинамай, шариғатқа сай союға негізделген. Аяғы тұсалған малды құбылаға қаратып, бисмилләсін айтып, бауыздап, қанының түк қалмай ағып кетуіне мән берген. Біз де сертификаттаудан өткен қасапханалар мен қасапшыларға малды ата-бабамыздан қалған әдет-ғұрып, шариғат және халал стандарт талаптарына сай бауыздау, өңдеу, тасымалдау, сақтау және сатуды үйретеміз. Бүгінгі тексерістен өткізілген «KAZBEEF PROCESSING» қасапханасы да осы айтылған талапқа сай жұмыс істейді. Тексеріс оң нәтижені көрсетті. Қасапхана қызметі мен өнімдері бекітілген талаптарға толықтай сай» деді Данияр Сафиев.