https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

ЖҰМЫСТЫ ЖАНДАНДЫРУДЫҢ ЖЕТІ БАҒЫТЫ

31 Jan 2021 0 comment Оқылды: 380 рет

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының елордада өткен кеңейтілген Төралқа мәжілісінде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы барша дін қызметкеріне бағдарламалық баяндамасын жолдады. ҚМДБ Төрағасы бағдарламалық баяндамасында мүфтият өз қызметі аясында 2021 жылы жеті бағыт бойынша жұмыстарға басымдық беретінін атап өтті. Біз жеті бағыт бойынша атқарылатын жұмысты тарқатып түсіндіруге тырысамыз.

  1. Ақпарат және қоғаммен байланыс. Наурызбай қажы Тағанұлы Бас мүфти лауазымына сайланған сәттен бастап ақпарат саласындағы жұмыстарға серпін берді. Осы бағыт бойынша игі жобаларды жүзеге асыру мақсатында ҚМДБ жанынан Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімі ашылды. Сонымен қатар Мүфтият медиа орталығы ашылып, діни ақпарат саласындағы игі жобалар жүйелі түрде жүзеге аса бастады.

Өткен жылы Бас мүфти бастамасымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төл телеарнасы – «Халық арна» ашылып, өз жұмысына кірісті. Бүгінде арна эфиріне арнайы діни контенттер әзірленуде. ҚМДБ-ға тікелей қарасты телеарна ашу көптен күткен маңызды мәселе болатын. Ендігі меже – телеарна эфирін ғибратты телеөнімдерге толтыру.

Наурызбай қажы Тағанұлы бағдарламалық баяндамасында ҚМДБ жалпы халыққа діни бағытта сенімді ақпарат көздерін ұсынатын қарашаңырақ болғандықтан, өңірлердегі мешіт жанындағы сайттарды, әлеуметтік парақшаларды сенімді ақпаратпен толықтыру қажеттігін атап өтті. Бұл ретте Діни басқарма тарапынан ұсынылатын ақпараттар, діни мәліметтер жамағатқа көбірек таратылуы тиіс.

  1. Уағыз-насихат. Халыққа насихат айту – ҚМДБ-ның басты жұмыс бағыттарының бірі. Дәстүрлі Ханафи мәзһабы мен имам Матуриди сенім мектебі аясында қасиетті Құран Кәрім мен хадистерде келген діннің негіздерін жеткізу – имамның күнделікті атқаратын жұмысы. Діни басқармаға қарасты Республикалық ақпараттық насихат тобы (РАНТ) мен Жергілікті ақпараттық насихат тобы (ЖАНТ) жұмыс істейді. Ендігі мақсат – РАНТ және ЖАНТ жұмысын жандандыру. Ол үшін топ мүшелерінің білімі мен біліктілігін арттыру қажет. Бас мүфти дінді даналықпен жеткізу қажеттігіне айрықша тоқталды. Осы орайда РАНТ және ЖАНТ құрамындағы имамдардың біліктілігін арттыру семинарын ұйымдастыру жоспарланды.
  2. Қайырымдылық. Халқымызда «Қайырымдылық жасасаң – қайырын өзің көресің» деген нақыл сөз бар. Қамыққанға қамқор болу, жабыққан жанның көңілін жадырату – дін қызметкерінің игі істерінің бірі. Өткен жылы ҚМДБ өзінің 30 жылдық мерейтойы аясында жомарт жандардың демеушілігімен 43 елдімекенге көпір салып берді. Сонымен қатар 73 құдық ел игілігіне берілді. Оқуда озат болған, көмекке зәру отбасыдан шыққан 30 шәкіртке мүфтият гранты табысталды. «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында 342 баспана кілті берілді. Еліміздегі пандемия кезінде қайырымдылық іс-шаралар қарқын алды. ҚМДБ осы жылы да бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асырмақ.
  3. Оқу-ағарту және кадрлық әлеует. «Бәрін кадр шешеді» деген қағида бар. Жақсы кадр – жақсы жұмыс нәтижесінің көрсеткіші. Бұл ретте ел мүддесі мен дін тұтастығын ойлайтын жастарды тәрбиелеу үшін отандық ислами білім ошақтарын әрдайым дамытып отыру қажет. Діни кадр даярлауда Нұр-Мүбарак университеті мен медреселердің орны мен рөлі айрықша.

Бүгінде медресеаралық олимпиадалар ұйымдастырылып, шәкірттердің жан-жақты білім алуына барынша көңіл бөлінуде. Үздік шәкірттерді шетелге жіберіп, білімін шыңдауға пәрмен берілді. Оқу-ағарту және кадрлық әлеует бағыты бойынша сапалы діни кадр дайындау жұмыстарына айрықша назар аударылмақ.  

  1. Рухани тәрбие, ихсан ілімі. 2021 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өз қызметі аясында ихсан ілімін халыққа кеңінен насихаттамақ. Әдеп, тәрбие, тақуалық негізі саналған ихсан ілімі туралы бірнеше кітап шығару жоспарланды.

«Еліміздегі мұсылман қауымға ихсан ілімі арқылы дініміздің әдеп негіздерін үйрету және рухани тәрбиенің маңыздылығын көрсету – Діни басқарманың міндеті. Жамағат кез келген адамның жетегіне еріп кете бермей, тәрбиелік жолды ұстанса, қоғам да, ғибадатын атқарып отырған жамағат та адаспай, дұрыс жолда болар еді. Ол үшін ҚМДБ қызметкерлері қоғамға ауадай қажет болып отырған ихсан ілімін насихаттауды қолға алу керек. Алла қаласа жуырда «Ихсан ілімі», «Кемел адам» тағы басқа бірқатар кітаптарды шығарамыз» деді Төралқа мәжілісінде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

  1. Дін мен дәстүр. Бұл – Діни басқарманың маңызды жұмыс бағыттарының бірі. Мүфтият бұған дейін «Дін мен дәстүр сабақтастығы» бастамасы аясында бірнеше кітап шығарып, насихат жұмыстарына басымдық берді. Ендігі мақсат – асыл дініміз Ислам мен бабалар ұстанған салт-дәстүрлерімізді халыққа кеңінен насихаттау, дін мен дәстүрдің сабақтастығын келер ұрпаққа жеткізу, дәстүрді дәріптеу арқылы жат ағымның арбауына іліккен жастарды дұрыс жолға бағыттау.

Дәстүрдің діндегі орны, ғұрыпты дәлел ретінде қарастыру, ғұрыптың шариғаттағы шарттары, ұлттық сана сынды мәселелер уағыз тақырыптарына арқау болмақ.

  1. Жат діни ағымдармен жұмыс. Өткен жылы Діни басқарма жанынан арнайы «Діни оңалту» бөлімі ашылды. Бөлімді ашудағы мақсат – келешек ұрпақты түрлі діни жат ағымдардың жетегіне еріп кетуден сақтандыру. Сонымен қатар жат ағымдарға кетіп қалған қандастарымызды дұрыс жолға тарту, олармен оңалту жұмыстарын жүргізу.

«Елімізде діни мәселеде арқа сүйер бір ғана шаңырақ бар, ол – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы. Біз осыны жамағатқа кеңінен түсіндіруіміз керек. Еліміздегі мұсылман қауымы осы қарашаңырақтан шыққан пәтуаға бойсұнып, діни бірлігімізді паш етуі керек. Ол үшін біз жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізуіміз тиіс. Сол кезде жат ағымның алдын алатын боламыз. Сондықтан жат ағымдарды алдын алу үшін және жамағаттың бойында түрлі теріс бағыттарға қарсы діни иммунитет қалыптастыру бойынша жұмыстарды жүйелі түрде ұйымдастыруды тапсырамын» деді Бас мүфти.

Төралқа мәжілісінде аталған жеті бағыт бойынша атқарылатын жұмыстың жоспары жан-жақты таныстырылып, бекітілді. Жеті бағыт бойынша жұмыстарға жауапты бөлім меңгерушілері облыс имамдарынан келетін ай сайынғы есепке талдау жүргізіп, тиісті нұсқамалар бермек. Жыл соңында жеті бағыт бойынша атқарылған іс-шаралар негізінде имамдардың қызметіне, яғни жылдық жұмысына тиісті баға беріледі.

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ

«Мұнара» газеті, №2, 2021 жыл

 
Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз