https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ ӨЗБЕКСТАН МҮФТИІМЕН ОРТАҚ ЖОБАЛАРДЫ ТАЛҚЫЛАДЫ

04 Mar 2020 0 comment Оқылды: 635 рет

Алғашқы шетелдік сапарын Өзбекстаннан бастаған Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Самарқан қаласында Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Усмонхон Темирхон уғли Самарқандиймен кездесті.

Ресми басқосуға қазақстандық делегация тарапынан ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиев, Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Шоқанов, Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Бейбіт Мырзагелдиев, Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Марат Бектазинов қатысты.

Екіжақты ресми кездесуде жаһандық сын-қатерге жауап беруде мұсылман үмбетінің өзара ынтымағын арттыру, діни мерекелерді бір күнде атап өту, ортақ пәтуалар қабылдау, деструктивті діни ағымдардың теріс үгіт-насихат жұмыстарына жол бермеу, бауырлас елдердің дін қызметкерлерінің білімін арттыру, тәжірибе алмасу шараларын ұйымдастыру, Матуриди сенім мектебі мен Әбу Ханифа мәзһабын халыққа насихаттау, діни оқу-ағарту саласы бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру, т.б. мәселелер талқыланды.

Бас мүфтиді жаңа қызметімен құттықтаған Усмонхон Темирхон уғли Самарқандий: «Сіз біздің еліміздегі имам Бұхари атындағы Ислам институтында тәлім алып, тәжірибе жинақтадыңыз. Сіздің Бас мүфти лауазымына сайлануыңыз бізді де үлкен қуанышқа бөледі. Үлкен аманатты абыроймен атқара беруіңізге тілектестігімді білдіремін. Ендігі мақсат – ізгі істерде бір-бірімізге көмекші болу, әлемдік сын-қатерге бірге жауап беру. Осы жолда ортақ жобаларымызды жүзеге асырамыз деген сенімдемін», – деді.

Наурызбай қажы Тағанұлы өз сөзінде Усмонхон қажы Алимовке алғысы мен ілтипатын білдіріп, бауырлас елдерді біріктіретін құндылықтарды атап өтті.

«Қазақ-өзбек – бағзы заманнан бауырлас ел. Біздің халқымызда: «Көршіні Құдай қосады, досты таңдайсың», – деген сөз бар. Өзбекстан – Құдай қосқан көршіміз. Біздің діни мектебіміз бен мәзһабымыз бір. Аллаға шүкір, бүгінде екі ел арасындағы байланыс күн санап артып келеді. Бауырластық байланысқа дін қызметкерлері де үлес қосуда. Расында, халыққа қызмет етуден артық ғазиз нәрсе жоқ. Халықтың алғысын алған адам Алланың разылығына бөленеді. Біз ел игілігі үшін қызмет етуге, ортақ мақсаттарды жүзеге асыруға әрқашан дайынбыз» деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Кездесу соңында тараптар Қазақстан және Өзбекстан мұсылмандары діни басқармалары арасындағы әріптестік байланысты арттыруға уағдаласты.   

 

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз