https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ ДІНИ БАСҚАРМАСЫНЫҢ COVID-19 КОРОНАВИРУСІНЕ ҚАТЫСТЫ МӘЛІМДЕМЕСІ

28 Feb 2020 0 comment Оқылды: 619 рет

Бүгінде бүкіл әлем халқына коронавирус қаупі үрей сеуіп, дерттің өзінен гөрі күннен-күнге өршелене түскен дақпырты мен дабылы дүние жүзін дүрліктіруде. Жаңалықтан да еститініміз, жан-жақтағы жұрттың көбі шекарасын қымтап, қауіптің бетін алған бірқатар сақтық шаралары жүзеге асырылған. Аллаға шүкір, аталмыш дерттің біздің елімізде белгісі де жоқ, шеттен келген азаматтарымыз дін аман.

Алайда, «Сақтансаң – сақтаймын» демекші, төрткүл әлемге түгел қауіп төндірген дертке немқұрайлық танытып, немкетті қарау –өзіміз үшін ғана емес, жанымыздағы жандардың өміріне де әсерін тигізері бек мүмкін. Осы орайда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздің әрбір азаматын қоғамдық орындарда тазалық ережелерін сақтап, өз денсаулықтарына асқан мұқияттылықпен мән беріп, сақтанып жүруге шақырады.

Алла Тағала қасиетті Құранда адамзат баласына: «Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар», – деп ескерту жасаған. Алла берген аманат – өз өміріміз бен денсаулығымызға дұрыс күтім жасамай, қауіп-қатерге көзсіз ұрынар болсақ, түбінде опық жейтініміз сөзсіз.

Бұл туралы Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)өзінің бір өсиетінде:«Кімде-кім есінесе қолымен аузын жапсын, өйткені зиянды нәрселер аузына кіреді», – деп бұйырған.

Сондай-ақ, шариғатта жұқпалы аурулардың жай көзге көрінбейтін зиянды күші барын, білінбей тарайтынын және аурудың етек алуын тоқтатуда карантин қажет екені атап айтылған. Өйткені, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адам баласының өзіне де, өзгеге де зиян келтуруіне қатаң түрде тыйым салған.

Құрметті, отандастар! Сізде жөтел пайда болып, бойыңызда дене қызуының жоғарылауы байқалса немесе тыныс алу қиынға соққан жағдайда, дер кезінде дәрігерге жүгінуге, сондай-аққоғамдық орындарға, тіпті мешітке келуді тоқтатып, құлшылықтарыңызды үйлеріңізде орындауға кеңес береміз!

Алла Тағала елімізді, халқымызды түрлі пәледен, аурудан, тіл-көзден сақтағай! Әмин!

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз