https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

«Жақсылық жаса» акциясы жан-жақты сипат алды

07 Feb 2019 0 comment Оқылды: 757 рет

 

Астана. 7 ақпан. KAZISLAM – «Жақсылық жаса» акциясына еліміздің түкпір-түкпіріндегі азаматтар атсалысып жатыр. Бір қуанарлығы, азаматтар аязды күні көлігімен адамдарды үйіне жеткізіп салумен шектелмей, көпбалалы отбасыларға қолұшын созуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

Еске сала кетсек, кеше астаналықтар шыңылтыр аязда аялдамада автобус күткен тұрғындарды көліктерімен жеткізіп тастап жатқанын хабарлаған едік. Айналасына бей-жай қарамайтын елордалық көлік иелері жақсылық жасаумен бірге осы үрдіске өзге адамдарды да атсалысуға шақырған еді. Ізгі үрдіске шақырған азаматтар Фейсбукте өз жазбаларын #ЖақсылықЖаса немесе #ДелайДобро хэштегімен таратуда. Араға көп уақыт салмай, әлеуметтік желілерде республикамыздың әр бұрышынан жақсылық жасаумен жарысқан азаматтардың видеосы тарала бастады. Бір айта кетерлігі, аталмыш акция аязды күнде адамдарды үйіне көлікпен жеткізіп тастаумен шектелмей, жан-жақты сипат алып жатыр. Мәселен, Өскемен қаласының ақжүрек азаматтары 11 көпбалалы отбасыға азық-түлікпен көмектескен. Инстаграмдағы ilove_uka бұл туралы шағын ролик жарияланды. «Жас жігітттер 300 мың теңгеге жуық ақша жинап алып, кейбір отбасыға тоңазытқышқа дейін алып берген. Онымен қоса мектептегі бір сыныпты толығымен жөндеді. Олар бұрын бұл мұнда игі істерін жарнамалауды жөн көрмепті. Тек осы жолы ісіміз көпке үлгі болсын деп, топқа жариялап отыр», — делінген ilove_uka тобында.

Өскемендіктер секілді батысқазақстандықтар да акциядан тыс қалмапты. Бөкей ауданындағы Ұялы ауылдық округінде ақпан айында «Жақсылық жаса/Твори добро» акциясы челендж сипатында қолға алынған. «Марафонды бастаған ауылдық округ әкімі аппараты ұжымы ауыл тұрғыны, көп балалы отбасы С.Өмірзақовтың отбасына қаржылай көмек көрсетті. Әкімшілік ұжымы өз кезегінде челенджді ауылдық мәдениет үйіне жолдайды», — деп хабарланады bokey_zhastary инстаграм парақшасында.

Ал Астана қаласының Сарыарқа ауданының кәсіпкерлері аялдамада тоңып қалған елордалықтарға ыстық шай беріп, акцияға үн қосып жүр. «Аязды ескере отырып, әкімдік қызметкерлері БАҚ арқылы қалалықтарға қамқорлық танытсақ жақсы болар еді деген ой тастады. Біз осылайша, іске кірісіп кеттік. Автобусы келгенше қалалықтар біздің қолымыздан ыстық бауырсақ пен ыстық шайдан дәм тата алады. Бәрі тегін», — дейді елордалық кәсіпкер Асқар Жалдинов.

Qazaqstan ұлттық арнасынан хабарланғандай, аязда дірдектеген астаналықтарға тегін такси қызметін етіп, таңнан кешке дейін далада жұмыс істейтін жандарға ыстық тамақ беріп жүрген қайырымды жандар жетерлік. «Бір күннің ішінде 100-ден астам адам ыстық шайға бойын жылытса, 150 астаналық діттеген жеріне дер кезінде жеткізілді. Тегін. Айта кетейік, «Астана — мейірімді қала»  атты мешіттер ұйымдастырған акцияға 100-ден астам ерікті атсалысып жатыр», — делінген ұлттық арна хабарында. «Әзірет Сұлтан» мешіті имамының орынбасары Қуат Ерғалиұлының айтуынша, 120 адамға ас таратылып, 150-ге жуық адам таксимен тегін жеткізілген. Мейірімді жандар Керекуден де табылып отыр. «Мейірімді Павлодар» акциясын ұйымдастырған жастар бүгінгі суықта 300-ден аса адамды тегін тасыған. Ұлттық арнадан хабарланғанындай, шыңылтыр аязда астаналықтарға ҚМДБ Астана қаласы өкілдігі белсенді түрде көмектесіп жатқанын айта кету керек. «Астана — мейірімді қала» жобасы аясында қала тұрғындарына тегін такси қызметі ұсынылып, қақаған аязға қарамай қоғамдық жұмыстарды жалғастырып жүргендерге ыстық тамақ тарату істері жолға қойылып отыр. ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасы негізінде аталмыш жоба Астана қаласының барлық мешіттерінде бастау алып, аязды күндер аяқталғанша жалғасады.

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз