Ислам діні - салуатты өмір діні. ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы әрқашан имамдар мен мешіт қызметкерлерін салауатты өмір салтына шақырып, осы бағытта көптеген шаралардың ұйымдастырылуына ұйытқы болып келеді.
26 сәуір күні Алматы қаласында өткен халықаралық IV Алматы марафонына Алматы қаласынан «Рахат» мешітінің Бас имамы Каленов Кенжебек қатысты. 19 000-ға жуық адам қатысқан марафонда жүгірістер 3 шақырым, 10 шақырым, 21 шақырым, эстафеталық «экиден» және 42 шақырым 195 метрлік қашықтықта өтті. Каленов Кенжебек 21 шақырымдық қашықтыққа сәтті жүгіріп өтті. Айта кетейік, қатысушылар арасында қарапайым қала тұрғындары, белгілі спортшылар мен кәсіпкерлер, жоғары оқу орындарының, Алматы әкімдігінің өкілдері және басқа көптеген мекемелердің қызметкерлері бар. ҚР Тұңғыш Президенті саябағынан бастау алған марафон Орталық стадионда аяқталды.
Жүгіру денсаулыққа өте пайдалы, әрі жеңіл спорт түріне жатады. Алматы қаласының Бас имамы Нұрбек Есмағанбет халықаралық дәрежедегі осындай жарыс түрлеріне дін қызметкерінің қатысуы басқа имамдарға да үлгі боларлық іс екендігін айта келе, Каленов Кенжебекке өз ризашылығын білдірді.
Алматы орталық мешітінің баспасөз қызметі