Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезіне қатысты.
Бас мүфти съезд барысында Ислам әлемінің діни қайраткерлерімен сұхбаттасты. Атап айтқанда, ҚМДБ төрағасы Серікбай Сатыбалдыұлы Түркияның, Ресейдің, Өзбекстанның, т.б. елдердің мүфтилерімен екіжақты ынтымақтастықты нығайту бағытында пікір алмасты.
Айта кетейік, съез жұмысының ашылу рәсімінде түрлі ұлт өкілдерінен құралған хор «Ақ көгершін» әнін орындады. Алқалы жиынға барлық әлемдік және дәстүрлі діндердің өкілдері, сонымен қатар беделді діни лидерлер, саяси қайраткерлер мен халықаралық ұйым өкілдерінен құралған 46 елден 82 делегация қатысуда. Съездің мәртебелі мейманы - Сербия Республикасының Президенті Александр Вучич.
Жаһандық шараның басты және негізгі тақырыбы - «Діни лидерлер қауіпсіз әлем үшін». Алтыншы съезд аясында «Әлем ХХІ ғасыр» манифесі» жаһандық қауіпсіздік тұжырымдамасы ретінде», «Құбылмалы геосаяси жағдайдағы діндер: адамзатты біріктіруге арналған жаңа мүмкіндіктер», «Дін жаһандануы: сын-тегеуріндер мен жауаптар», «Дін көшбасшылары мен саяси қайраткерлер экстремизм мен терроризмді еңсеру жолында» атты төрт бағыт бойынша секциялық отырыстар өтеді.