Бурабай баурайында осы заманғы сәулет өнерімен салынған еңселі мешіт ашылды. Айтулы оқиғаға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай Ораз хазірет арнайы қатысып, мұсылман қауымға өзінің ақжарма тілегін арнады.
Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин мешіт салу аса тағылымды іс екенін атап көрсетті.
Бас мүфти ел алдында ғибратты уағыз айтып, жұма намазы оқылды.
Осы мешітті салған «BI GROUP» құрылыс корпорациясының бас директоры Жамбыл Жетпісбаевтың айтуынша, жүз елу орындық ғимараттың жалпы алаңы 1659 шаршы метрді құрайды екен. Мұнда мешітке тән барлық құлшылық орындары, кітапхана, білім беру орындары бар.
Мешітті салуға тапсырыс беруші – Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының «Кәсіпкерлік бастамаларды қолдау» қоры болып табылады. Бір атап өтерлігі, діни ғимарат осы заманғы сәулет өнерімен салынып, барлық инженерлік желілері, сыртқы бет бейнесі жаңа заман технологиясымен жабдықталған. Құрылысқа пайдаланылған өнімдер де экологиялық таза шикізаттар.