Діни ахуал дін қызметкерлерінің жауапкершілігін одан әрі арттыра түсті. Бүгін Астанадағы Еуразия мұсылман ғұламалары форумында Қазақстан Бас мүфтиі Серікбай қажы Ораз осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінгі таңда әлем қарқынды түрде өзгеруде. Адамгершілік қасиеттер көбіне тасада қалып жатқан қазіргі жаһандану заманында бойына рухани құндылықтарды жинаған жандар ғана сана соғысынан аман қалып, қауіп қатерден құтылады. Жаңа замандағы үрдістер мен сын-қатерлерге төтеп берудің төте жолы - дініміздің асыл құндылықтары мен өрелік өрнектелген діни танымымызды қайта жаңғырту. Біздің діни рухани тұтастығымызды қамтамасыз етіп отырған, ортақ тарихымыз бен мәдениетіміз бар. Олай болса, сырттан келіп жатқан тасқындарға төтеп беру үшін Еуразия мұсылмандары мәдени және рухани интеграцияны жандандыруымыз керек. Біз өзіміздің төл діни тұлғаларымыздың өнегелерін дәріптеуіміз қажет. Яғни, тұлғатану ізденістерін жүргізіп, бірнеше тілде ортақ христоматиялар мен оқулықтар шығару керек деп санаймын. Сондай-ақ, ортақ тұлғалардың жыл сайын дәстүрлі оқуларын жүйелі түрде ұйымдастырғанымыз абзал», - деді Бас мүфти.
Бұдан бөлек ол қазіргі сын-қатерлерге тиісті деңгейде қарсы тұру үшін Еуразия халықтарының, Еуразия мұсылмандарының рухани бірігуі тұжырымдамасын әзірлеуді ұсынды. Сонымен қатар, Еуразия мұсылман ғұламалары форумының тұрақты хатшылығын құру керектігі айтылды. Бұл тұрғыда хатшылық Еуразия мұсылмандарының рухани бірігуі тұжырымдамасын әзірлеу бойынша жұмыс органы болмақ.
«Біз қандай жағдайда да дінді саясаттың құралына айналдырмауымыз қажет. Қазіргі әлемдегі күрделенген діни ахуал дін қызметкерлерінің жауапкершілігін одан сайын арттыра түсті», - деді Серікбай қажы Ораз.