https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

БАС МҮФТИ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФОРУМ ҚАРСАҢЫНДА ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВПЕН КЕЗДЕСТІ

01 Mar 2018 0 comment Оқылды: 646 рет

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз Астанада өтетін Еуразия мұсылман ғұламаларының форумы қарсаңында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болды.

Ресми кездесуде биыл елімізде өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің кезекті съезі мен жуырда 2 наурызда Астанада ұйымдастырылатын Еуразия мұсылман ғұламаларының форумына дайындық жұмыстары туралы сөз болды.

Сонымен қатар, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бастамасына үн қату, діни төзімділік пен бірліктің, татулық пен толеранттылықтың қазақстандық үлгісін насихаттау, жаңа замандағы мұсылман қауымының жауапкершілігі мен өзара түсінігін қалыптастыру, әлемдегі сын-қатерлерге жауап беру, т.б. мәселелер талқыланды.

Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлына «Еуразия кеңістігіндегі Ислам өркениеті: өткені, бүгіні және болашағы» атты тақырып аясында өтетін Еуразия мұсылман ғұламалары форумының негізгі мақсаты мен міндеттері жайлы әңгімелеп берді.

Айта кетейік, мүфтияттың ұйымдастыруымен тұңғыш рет өтетін тарихи шараға Еуропа мен Орталық Азияның 22 елінен 30-дан астам делегат, атап айтқанда, Бас мүфтилер, дін қайраткерлері, ислами бағыттағы ұйымдар мен одақтардың жетекшілері қатысады.

Халықаралық конференция барысында «Бүгінгі мұсылманның келбеті» құжаты бекітіліп, форум қатысушыларының арнайы Қарары қабылданады.

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз