1990 жылы 12 қаңтарда өткен Қазақстан мұсылмандарының тұңғыш құрылтайында дербес Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрылды. Барша қазақстандықтарды, елдегі мұсылман жамағатын айтулы күнмен шын жүректен құттықтаймыз!
Отыз жылға жуық тарихы бар діни басқарма осы аралықта исламның өркендеуіне, дәстүріміз бен діни құндылықтарымыздың қатар дәріптелуіне аянбай еңбек етіп, көптеген игі істердің ұйытқысы бола білді. Осы жылдар ішінде діни басқармаға төрт Мүфти төрағалық етті. Олар:
1. Рәтбек қажы Нысанбайұлы Хазрет
2. Әбсаттар қажы Дербісәлі Хазрет
3. Ержан қажы Малғажыұлы Хазрет
4. Серікбай қажы Сатыбалдыұлы Хазрет
Төрт Мүфтидің төрағалығы кезінде де көптеген тың бастамалар қолға алынып, қазақ тілінде талай діни еңбектер жарық көріп, өзге тілдерден де аударылды. Мешіт-медреселердің, білікті имам-теологтардың саны артты. Білікті мамандардың толысуының бір нәтижесі - басқармада «Шариғат және пәтуа», «Халал-стандарттау» бөлімдері ашылып, Ғұламалар кеңесі мен РАНТ жұмысы жолға қойылды. Өткен жылы ғана «Тауаф Travel» отандық қажылық компаниясы іске қосылып, 300 қазақстандыққа қызмет көрсетті. Зияткер имам қалыптастыру, діни рәсімдерді бірізділендіру бағытында жұмыстар жүргізілді. Ел мұсылмандарының діни қағидалары мен ұстанымдарына қатысты және ағза ауыстыру, көзге линза салу сынды т.б. замануи пәтуалар шықты. Қазақстан мұсылмандарының қара шаңырағына айналған діни басқарма әлі талай істердің ұйытқысы болады деген сенімдеміз.
Жұмаларыңыз мүбәрак болғай жамағат! Ауызбіршілігімізге сызат түспей, Алла ынтымақ-тыныштымығымызды ұзағынан етсін!