Бүгін Бас мүфти Серікбай қажы Ораз Алматы Орталық мешітінің жамағатымен кездесіп, уағыз айтып, жұма намазын жүргізді.
Жұма намазына жиналған жамағат «Сахабалар салған сара жол» тақырыбында тағылымды дәріс тыңдап қайтты.
Мешіт жамағатына Сахабалардың асыл бейнесі, тағылымға толы ғұмыры уағыз тыңдаушыларды тарих тереңіне сүңгітіп, әр мұсылманға үлгі болған ұлы тұлғалардың ғұмырынан ғибраттануға жетеледі.
«Әуел баста адамзаттың асыл тәжі болған Ардақты пайғамбарымыздан (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) тәлім алған сахабалардың ғибратты ғұмыры біздер үшін нағыз өнеге. Жалпы қасиетті Құран Кәрімде Алла елшісінен тәрбие алып, адамзаттың жарқын болашағы, игілігі үшін шыбын жанын шүберекке түйген ізгілік жаршылары қай кезеңде болмасын болатыны баян етілген. Міне, мұндай абзал жандар ешқашан ұмытылмақ емес. Біз оларға әрқашан жүрек төрінен орын беруіміз қажет әрі көңілдегі осынау асылымызды қастерлеп сақтауға тиіспіз. Олардың қадірін біліп, әрқашан еске ала жүру – біздің міндетіміз. Осы ұлы тұлғаларды үлгі тұтқан әр мұсылман соңына пайдалы із қалдырып, еліміз бен жеріміздің амандығына, жарқын болашағына қызмет етуі керек», деді Бас мүфти Серікбай қажы Ораз.