Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз Астанадағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде бұрынғы мүфти Ержан қажы Малғажыұлына алғыс білдірді. Қазақы дәстүрмен иығына шапан жауып, сый-сияпат жасады.
«Сіз 2013-2017 жылдар аралығында Қазақстан мұсылмандары діни басқарманың жұмысына серпін бердіңіз. Сіздің бастамаңызбен дін мен дәстүр идеясы жамағат арасында кеңінен насихатталды. Имам-молдалардың біліміне көңіл бөлінді. Көптеген қайырымдылық іс-шаралар атқарылды. Осынау ізгі істерге себепші болып, ауқымды игі идеяларды жүзеге асырдыңыз. Сізге өзімнің және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы атынан айрықша алғысымды айтып, ілтипатымды білдіремін», – деп атап өтті Бас мүфти Серікбай қажы Ораз.
Ержан қажы Малғажыұлы жаңа Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың жұмысына береке тілеп, дұға жасады.