https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

ДІН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ 4 ОТБАСЫНА ҮЙ САЛЫП БЕРДІ

06 Nov 2017 0 comment Оқылды: 819 рет

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілдігі мен облыстық «Зекет» қоры бірлесіп, облыс деңгейінде «Асар» атты қайырымдылық акциясын ұйымдастырды.

Шара барысында Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Шұбарсу елді мекенінде тұратын жағдайы төмен, өмір тауқыметін тартқан, көп балалы алтын құрсақты 4 отбасыға  тегін зәулім үй салынды.

Салтанатты шараға арнайы ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы үйге мұқтаж Асанова Айгерім (5 баласы бар), Оралова Забира (7 баласы бар), Төлегенова Айнұр (5 баласы бар), Батырова Насихат (2 баласы бар) аналарға зәулім үйдің кілтін табыс ету салтанатты рәсіміне қатысты.

«Діни басқарма жыл сайын дәстүрлі түрде жағдайы төмен, көп балалы алтын құрсақты, өмір тауқыметін тартқан отбасыларға үй салып беру қайырымдылық жұмысын қолға алуда. Биылғы жылы Оңтүстікте 8 үй салынды. Бұл шараларға жергілікті қолы ашық жомарт жандар демеушілік жасады. Мұндай игі істер жыл сайын жалғасын табатын болады», – деп атап өтті Бас мүфти.

ҚМДБ төрағасы қайырымдылық шара кезінде 4 отбасыға азық-түлік, үй жиһаздары мен өзге де тұрмыстық қажетті заттарын сый етті.

Жалпы, әрбір отбасыға бөлінген жер телімі 8 сотық, салынған әр үйдің көлемі 120 шаршы метр. Ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 280 мың теңгеге әр үйге қосымша жерасты құдық суы тартылды. Сонымен қатар, 273 мың теңгеге бір шақырым жерден 15 бағана орнатылып, электр жарығы тартылды. Салынған әр жеке үйге 7 млн теңге  көлемінде қаражат жұмсалды.

Бас мүфти асыл дініміздің өркендеуіне жан-жақты үлес қосып, халықтың әлеуетін көтеруге атсалысып келе жатқан жергілікті қайырымды жандарға айрықша алғысын жеткізді.

 

 

 

 

 

 

 

  

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз