Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ, Қазақстан мұсылмандары дінии басқармасының төрағасы, Бас мүфти
2017 жылдың 25 маусымы – Ораза айттың бірінші күні!
Құрметті отандастар, бауырлар!
Ораза айт мерекесіне аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер мен мадақтар болсын. Сіздерді мұсылман қауымының ұлық, қастерлі мерекесі – Ораза айт мейрамының басталуымен құттықтаймын. Айт мүбәрак болсын, ағайын!
Қасиетті Рамазан айының аяқталғанын білдіретін Ораза айт – мейірімділіктің, игіліктің, бірліктің, ізеттіліктің, қайырымдылықтың мерекесі. Бұл мейрам барша халықты ізгілікке ұйытады.
Еліміздің мұсылман қауымы қасиетті Рамазанда ауыз бекітіп, шарапаты мол айда жасалған ізгі іс-шараларымызға атсалысты. Мешіттерімізде ауызашарлар мен қайырымдылық акциялар өтті. Тұрмыс жағдайы төмен отбасыларына көмек көрсетілді. Сауабы теңдессіз осынау қайырымдылық шараларға үлес қосқан отандастарыма өзімнің және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы атынан «Алла разы болсын» деймін.
«Айт» сөзі – «мерекелеу», «хал сұрасу», «бір-бірін қуанту», «қуанышқа топталу» деген мағыналарды білдіреді. Жаратушы Иеміз әрбір ізгі амал мен игілікті істің сауабын беріп, мейірім-шапағатын төгеді.
Алла Тағала: «Мен парыз еткен оразаны пенделерiм өтеп, ақысын алуға (айт намазын өтеуге) мешiтке бет алды. Олар Мен үшiн ораза ұстады, Менiң пәрменiммен ауыз ашты, ендi қуанышқа кенелсiн...», – дейді.
Ораза айт – бір ай бойы ораза ұстап, ықыласпен жақсылық жасаған адамның құрметке, марапатқа ие болатын кезі. Алла баршамызды мол сауапқа кенелген құлдарының қатарына қосуын тілеймін.
Айт күнінде толық жуынып, жұпар иіс себініп, жамағатпен айт намазына қатысудың сауабы ерекше. Айт намазына барудан бұрын құрмадан дәм тату – пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннет амалы.
Ағайын-туысты, көршілер мен өзге ұлт өкілдерін ортақ мерекемен құттықтап, тілеулестік білдіру – игі амал. Ораза айт – отбасылық мереке. Мейрам күні ата-анамызға, балаларға сыйлық үлестіріп, ағайын-көрші, туыс, бауырларды қонаққа шақырып, айрықша көңіл бөлу де – сауапты іс.
Қадірлі қауым!
Ораза айт мерекесі құтты болсын! Алла Тағала ұстаған оразамызды, дұға-тілектерімізді, қасиетті айда жасаған әрбір қайырлы амалдарымызды, берген зекет пен пітір садақаларымызды қабыл етіп, мол сауаптан жазғай!
Әрбір отбасына амандық, жақсылық, дендеріңізге саулық, жұмыстарыңызға береке тілеймін! Раббымыз баршамызды рамазаннан рамазанға дейін аман-есен жеткізе берсін!
Еліміз аман жұртымыз тыныш, Тәуелсіздігіміз баянды болғай! Әумин!