E-ISLAM – Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты жиналысқа қатысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Елбасы салтанатты жиында Қазақстан халқын Тәуелсіздік мерейтойымен құттықтады. «Тәуелсіздіктің 25 жылы – біздің буынның уақыт өлшеміне сыймайтын теңдессіз ерлігі. Осы мерейтойлық жылда Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесіне сайлануының символдық мәні бар. Парламент қабылдаған Тәуелсіздіктің 25 жылдығы декларациясы біздің ұлы жетістіктеріміз бен жеңісімізді айшықтаған маңызды саяси-құқықтық құжатқа айналды» деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік кезеңіндегі басты жетістіктерге тоқталып, экономикалық ілгерілеудің үлгісі қалыптасқанын атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстан қоғамның қарыштап дамығанына назар аударды. «Біз бейбітшілік пен келісімнің бірегей моделін қалыптастырдық. Жалпы халықтың қалауымен құрылған Халық ассамблеясы барлық ұлтты қанатының астына алып, басын біріктіре білді. Ең бастысы, кез келген адам «Мен – қазақстандықпын, бұл – менің елім, мен мұнда бақытымды таптым!» деп айта алатын әділетті қоғамды орнаттық» деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев қарқынды дамып келе жатқан мегаполис, жаңа елорда – Астананың құрылуын басты табыстарымыздың бірі ретінде атап өтті. Сондай-ақ, еліміздің халықаралық аренадағы табыстарына, соның ішінде еуразиялық экономикалық интеграция саласындағы бастамаларына, жаһандық антиядролық қозғалыстағы көшбасшылығымызға, бітімгершілік мақсат жолына жұмсаған күш-жігерімізге ерекше назар аударды. «Жаңа елдің іргесін қалаған бүгінгі замандастардың ерен еңбегі уақыт өте келе, тіпті мың жылдан кейін де ұрпақтарымызға Отанымызды одан әрі ілгерілету жолында демеу болып, септігін тигізе береді» деді Мемлекет басшысы.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарды мерекемен тағы да құттықтап, халқымызға мол табыс пен зор жетістіктер тіледі.