Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Экстремизмнің алдын алу саласындағы мамандарды қайта даярлау институтында екі ай дәріс тыңдап, өз білімдерін жан-жақты жетілдірген имамдарға арнайы куәлік табыстады.
Имамдардың біліктілігін көтеруге бағытталған арнайы инсититут Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен «Нұр-Мүбарак» университетінің жанынан құрылған болатын. Жаңадан ашылған институтта Нұр-Мүбарак университетінің оқытушысы, PhD доктор Қайрат Құрманбаев бастаған отандық ғалымдар дәріс берді. Еліміздің әр аймағынан келген 20 имам конфликтология, саясаттану, шешендік өнер сынды пәндерден білім алып шықты.
«Мұнда жат ағымдармен қалай күресу керек? Оларға кірген азаматтармен қалай жұмыс жасау қажет? Ағымдарды кіргізбеу үшін қандай алдын алу шараларын қолдану міндет? Міне осындай сауалдар төңірегінде жан-жақты білім алып шықтыңыздар деп ойлаймын. Шетелдік және отандық білікті мамандар дәріс өтті. Бұл үлкен мүмкіндік. Дін маманы үнемі ізденісте және қоғаммен тығыз байланыста жұмыс жасау қажет. Енді осында алған білімдеріңізді қоғамға жеткізесіздер деген үміттемін», – деді Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.
Сондай-ақ, имамдар 2 ай бойы жат ағыммен интернет желісінде қалай күресу керек, діни әдебиеттерге қалай тосқауыл қою қажет, қандай шара қолдану керек және жат ағымдардың кітаптарын оқуға тосқауыл қою әдіс-тәсілдерін меңгерді. 1-2 жыл көлемінде Экстремизмнің алдын алу саласындағы мамандарды қайта даярлау институтында 200-300 маман білімін жетілдіріп шықпақ.
ҚМДБ Баспасөз қызметі
Muftyat.kz