Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы оқушы қыздардың мектепке орамал тағып баруға байланысты ата-аналар мен оқу орындары басшылары арасында туындаған әртүрлі пікірлер мен сауалдарға қатысты өзінің мәлімдемесін жолдайды.
Ибалы, инабатты, білімді ұл мен қыз өсіріп, отаншыл, патриот жастарды тәрбиелеу – әрбір ата-ана мен педагогтың басты мақсаты, ұлы миссиясы екені белгілі.
Қазақстандағы білім беру жүйесі тек қана оқытуды ғана емес, сондай-ақ тұлғаның барлық сұраныстарын толық жүзеге асыру үшін жағдайларды жасауға, оларды өнерге, спортқа, зияткерлік дамуға тартуға бағытталғанын оқушылардың ата-аналары сезінулері керек.
Ислам діні күллі адамзат баласын білім үйренуге үндейді.
Біріншіден, ер кісі мен әйелге білім алу – парыз (міндет). Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисте: «Әрбір мұсылманға білім алу парыз» деген. Ал балаға зайырлы білімді үйрету – әрбір адамның азаматтық әрі мұсылмандық борышы. Зайырлы мемлекетіміз ұл-қыздарымыздың орта білім алуын міндеттейді әрі осы бағытта барлық мүмкіндіктер мен жағдайларды қамтамасыз етеді. Ата-аналарға қыз баланың міндетті зайырлы білім алуына көбірек көңіл бөлуге кеңес береміз. Сапалы білім – бала болашағының баянды болуына үлкен септігін тигізетінін ұмытпауымыз тиіс.
Екіншіден, Құран және Мұхаммед пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисі мен мұсылман ғұламаларының бірегей пікірі бойынша, балиғат жасына толған мұсылман қызға орамал тағу – парыз (міндет).
Ал балиғат жасына толмаған қыздың орамал тағуын шариғатымыз талап етпейді. Сондықтан ата-ана кішкентай бүлдіршінді әлі міндет болмаған орамал үшін парыз болған білім алудан тыймауы тиіс.
Нақты айтқанда шариғат талаптарына сәйкес Ислам діні мектеп табалдырығын жаңа аттаған балиғат жасқа толмаған қызға орамал тағуды міндеттемейді.
Үшіншіден, Ата Заңымыз және басқа да заңдар қоғамдық қатынастарды реттейді және азаматтардың бостандығы мен діни сенімдеріне еркіндік береді. Мұсылмандар да Алланың әмірі бойынша заңды сақтайды және оған құрметпен қарайды. Өйткені, зайырлы қоғамдағы заңдар мен ережелер – барша адамның тең құқығын басты орынға қоятын кепілдік құжат және азаматтардың өмір сүру тәртібін көрсететін бағдар.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мұсылман жамағатын, ата-аналарды бірлікке үндейді және мектеп басшыларымен ортақ мәмілеге келуге шақырады.
Діни басқарма Алла Тағаладан елімізді түрлі бүліктен сақтап, халқымыздың бірлігі мен ынтымағын нығайтып, берекесін арттыруды тілейді.