Астанада "Әзірет Сұлтан" мешітіне таңғы намаз аяқталған бойда келген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сәждеге жығылғаннан кейін мұсылман қауымына құттықтау тілегін жеткізді.
"Құрметті мұсылман қауым! Бүгін Жер шарындағы бүкіл мұсылмандар қауымы қасиетті мереке - Құрбан Айтты атап өтіп жатыр. Бұл діннен де, ата-бабамыздан да дәстүр алып келе жатқан Алланың, Пайғамбарымыздың қалдырып кеткен өсиеті. Құрбан Айт кезінде қазақ жұрты мейірбандық, туыстық, таныстық, бір-бірімен көрісіп, кешірісіп, бүкіл жұртқа, xалыққа жақсылық тілейді. Отбасының берекесіне, елдің тыныштығы үшін құрбан шалып, намаз оқиды. Соның бәрі Алланың құлағына шалынып, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Құранда: "Мұсылмандар бөлінбеу керек, бөлшектенбеу керек", деген сөз бар. Сондықтан бүгінгі қиын-қыстау жағдай болып жатқанда мұсылмандардың, елдің бірлігі аса керек. Біз биыл еліміздің 25 жылдық тәуелсіздігін атап өтіп жатырмыз. Сол 25 жылдыққа береке-бірліктің арқасында жеттік. Құранда жазылған: "Мұсылман жұрты елді ұлысқа, ұлтқа ешқашан бөлмейді. Барлығы дінді бірдей көреді. Сол бірлік бізді алға қарай алып келе жатыр. Әр уақытта да Алла жар болып, қолдап, еліміздің, қазағымыздың болашағын баянды қылсын!", - деді Елбасы.
Айта кетейік, Құрбан айт - күллі мұсылман жұртының ұлық мейрамы. Бұл мерекеде екі амал орындау шарт: айт намазын оқу мен құрбан шалу. Биыл қала бойынша құрбан шалу рәсімі арнайы белгіленген 8 орында өтуде. Әр орында қасапшылар мен дұға жасайтын имамдар бар. Құрбан айттың үш күнінде ренжіскендермен татуласып, жастар үлкендердің үйлеріне сәлем бере барса, молынан сауап алады делінеді.