https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти: ҚҰРБАН АЙТ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

11 Sep 2016 0 comment Оқылды: 953 рет

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ, 

Қазақстан мұсылмандары діни

басқармасының төрағасы, Бас мүфти 

ҚҰРБАН АЙТ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

 

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

 

Құрметті бауырлар!

 

Баршаңызды күллі мұсылман қауымы асыға күткен қасиетті, ұлық мереке – Құрбан айт мейрамымен құттықтаймын! Отбасыларыңызға амандық, мықты денсаулық, жұмыстарыңызға береке тілеймін.

Бәрімізді айтқа аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтаулар болсын!

Ислам діні сан ғасырдан бері еліміздің рухани тірегі болып келеді. Халқымыз асыл дініміздегі Жаратушы Иеміз белгілеп берген екі мейрамның ұлығы, айтулы мереке – Құрбан айтқа айрықша дайындалып, көпшілікпен ерекше атап өтеді. Берекеге бастаған бұл мереке бірлік пен игілікке, мейірім мен кешірімге үндейді.

Айт – ағайын арасын жақындастыра түсетін, адамзат баласын имандылыққа ұйытып, қанағат пен тәубеге шақыратын ұлық мейрам. Бұл күндері барша мұсылман құрбан шалумен ғана емес, Ұлы Аллаға ұнамды әрбір ізгі амалы арқылы Раббысының разылығына, рақымына жақындай түседі. Өйткені, араб тіліндегі «құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» деген ұғымдарды білдіреді.

Қасиетті Құранда: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың (шынайы ниеттерің)» («Хаж» сүресі, 37-аят), – деп баяндалған.

Айт күндері қажылық парызын өтеп жатқан мұсылмандар да Жаратушыға жалбарына дұға жасап, құрбандық шалады. Қасиетті Мекке қаласында еліміздің амандығы, халқымыздың бірлігі мен берекесін тілеп жатқан отандастырымыздың да дұғасы, қажылығы қабыл болғай!

Қаржылық мүмкіндігі жоқ адамға құрбан шалу – міндет емес. Құрбандық еті ағайын-туыс, көрші-қолаң, тұрмысы төмен отбасыларына, жетім мен жесірлерге, мүгедектер мен науқас жандарға таратылады.

Құрбан айт күні ерте тұрып, ғұсыл құйынып, айт намазына қатысу – пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті. 

Қадірлі ағайын!

Барша жамағатты, еліміздің жанашыр азаматтарын мүбәрак мейрамның құрметі үшін мүгедектерге, жетімдер мен жесірлерге, қараусыз қалған қарттарға қайырымдылық жасауға шақырамын.

Алла Тағала дұға-тілектеріміз бен сауапты істерімізді және шалған құрбандықтарымызды қабыл еткей! Әмин! 

 
Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз