Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төраға орынбасары, наиб мүфти Серікбай қажы Ораз, ҚМДБ қажылық бөлімінің меңгерушісі Бейбіт Мырзагелдиев және қажылық компанияларының басшылары Сауд Арабиясы Корольдігінің Қазақстандағы Елшісі Халид Мұхаммед Сибағимен кездесті.
Кездесуде екі ел арасындағы рухани қарым-қатынас, мұсылман үмбетінің бірлігі туралы пікір алмасты. Әлемдік діндераралық ортақ түсініктер мен мүдделер қалыптастыру және алда келе жатқан қажылық маусымына дайындық барысы талқыланды.
Елші Халид Мұхаммед Сибағи екі ел арасында қалыптасқан дәстүрлі саяси, мәдени, рухани достықпен қатар, қажылық мәселелеріне де өздерінің үлкен мән беретінін және Қазақстан тарапының алдын ала жүргізген дайындық жұмыстарының нәтижесінде Қазақстан қажыларының ұйымдасқан түрде қажылық парыздарын атқарып жүргенін атап өтті.
Ал, наиб мүфти Серікбай қажы Ораз Сауд Арабиясы Корольдігінің Қазақстан азаматтарына көрсетіп келе жатқан ілтипаты мен достық көмегі, қамқорлығы үшін алғыс айтты. Қазақстан мұсылмандары Сауд елінің қажылық жеңіл өтуіне мән беріп және тиісті дәрежеде қолғабыс етіп отырғанын бағалайтынын мәлімдеді.
«Қажылық қызметі елімізде жылдан жылға жолға қойылып келе жатыр. Қызмет көрсету сапасы да артып келеді. Жуырда Діни басқарма жанынан арнайы Қажылық қоры құрылды. Қажылық компаниялары арасында конкурс жарияланып, іріктеуден өтті. Мақсатымыз – қажылық мәдениетін қалыптастыру, қажылық қызметін жетілдіре түсу», – деді Серікбай қажы Ораз.
ҚМДБ баспасөз қызметі
Muftyat.kz