«Рухани бай болу – бейбітшілік кепілі» атты дөңгелек үстелге қатысушылардың
ҮНДЕУІ
Алматы қаласы, 28 шілде, 2016 жыл
Біз, дөңгелек үстелге қатысушылар - қоғамдағы рухани байлықты арттыру мен адамдар арасындағы бірлік, ізгілік, адамгершілік сынды құндылықтарды байыту идеясын қолдаймыз.
Қазақ халқы ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ата діні – Исламды саналы түрде жүрек қалауымен қабылдады.
Байтақ даланың тұрғындары рухани негіздерін Исламнан тауып, діннің адамгершілік құндылықтарын бойына сіңіріп, салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымызды байыта түстік.
Еліміз дербестігін алып, Тәуелсіздігін жариялаған сәттен бастап Ислам діні дамып, халық арасында кеңінен тарады. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қамқорлығымен еліміздің әр аймағынан мешіттер мен медреселер бой көтеріп, тұңғыш рет дін кадрларын даярлайтын «Нұр-Мүбәрак» университеті салынды.
Қазіргі қоғамның талабына сай білімді, діни салада тәжірибесі мол имамдар корпусы қалыптасты.
Біз, мемлекетіміздің дін саласына жасап жатқан қамқорлығы мен дінаралық татулықты нығайтудағы бастамаларын құптаймыз. Сонымен қатар, қазіргі қоғамдағы зайырлылық қағидаларын, білім мен ғылым және ұлт тарихын жан-жақты игере отырып, насихаттау идеясына қолдау білдіреміз.
Бүгінгі шараның негізгі мақсатына айналған зайырлы қоғамдағы мемлекет пен дін арасындағы өзара байланыстың орнын айқындап, дін ұстанушы азаматтарды патриотизмге тәрбиелеу, халықты бірлік пен бейбітшілікке шақыру, Қазақстан мұсылмандарының біртұтастығын қалыптастыру, қоғамда жалпы адамгершілік-рухани құндылықтарды насихаттау – әрбір азаматтың міндеті деп санаймыз.
Біз:
- барша азаматтарды ата дініміздің, мәзһабымыздың мәртебесін көтеруге;
- қоғамда дінаралық келісімді нығайтуға, тұрақтылықты қамтамасыз етуге;
- теріс діни ағымдардың қызметіне қарсы тұруға;
- қоғамдық бүлікке тосқауыл болуға;
- жастарды патриоттық тұрғыда тәрбиелеуге;
- жалпыға ортақ адамгершілік құндылықтардың насихаттауға;
- ата дінімізді келесі ұрпаққа дұрыс жеткізуге;
- ортақ мәдениетіміз бен дәстүрімізді жаңғыртуға белсенді үлес қосуға шақырамыз.
Дөңгелек үстелге дінтанушы сарапшылар, мемлекеттік органдардың өкілдері, Алматы қаласының имамдары, Нұр Отан партиясының мүшелері, қоғам белсенділері және т.б. қатысты.