Алматы облысы, Талғар ауданы, Гүлдала ауылында сәні мен сәулеті жарасқан жаңа мешіт ашылды. Құлшылық үйінің ашылу салтанатына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазрет, «Иман» журналының бас редакторы Оңғар Өмірбек және зиялы қауым өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.
Бас мүфти салтанатты шарада сөз алып, халықты жаңа мешіттің ашылуымен құттықтады. «Біз әрдайым мешіттеріміздің ғибадат орны ғана емес, сондай-ақ діни-рухани орталыққа да айналуын мұрат етеміз. Құдайға құлшылық ету үйінің шаңырақ көтеруіне демеушілік жасаған үлкен жүректі, игі тілекті абзал азаматтарға алғыс білдіремін. Пайғамбарымыз (Алланың Оған игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде кім Алланың разылығын қалап мешіт тұрғызса, Алла Тағала оған жәннатта сондай үй тұрғызады», ‒ деген. Елімізде мешіт салуға ат салысқан әрбір азаматтарға Жаратқанның нұры жауғай, өздеріне зор денсаулық, жасап жатқан іс-амалдарына Алла Тағаланың береке-бірлігі болсын», – деді Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.
Ауыл ортасында бой көтерген құлшылық үйінің сыйымдылығы 500 адам. Мешіт жылу, су жүйесімен толық қамтамасыз етілген. Мешіттің бас имамы болып Бакиев Исмаил тағайындалды.
Алматы облыстық «Қарасай батыр»
мешітінің баспасөз қызметі