https://www.facebook.com/taglym

    Этот адрес электронной почты защищен от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.      

ҚМДБ Бөлім басшыларының Түркияға ресми сапары басталды

10 May 2016 0 comment Оқылды: 1005 рет

Қазақстан және Түркия мұсылмандары діни басқармалары арасындағы оқу-ағарту, қажылық, баспа, халықаралық байланыс салалары бойынша әріптестік қарым-қатынасты нығайта түсу және тәжірибе алмасу бағытында екіжақты кездесулер мен келісімдер жасалып келеді.

Жуырда Түркия мұсылмандары діни басқармасының (ТМДБ) арнайы шақыртуымен ҚМДБ Бөлім басшыларының бауырлас елге ресми сапары жоспарланған болатын. Бүгін ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиев бастаған делегация мүшелері Анкара қаласында Түркия мұсылмандары діни басқармасында ресми кездесулер өткізді. Еркін пікір алмасу, сұрақ-жауап бағытында өткен басқосуға Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Сансызбай Құрбанұлы, осы бөлімнің бас маманы, белгілі теолог Бауыржан Әлиұлы, Жалпы және жастар бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Ұтысханұлы, Халал стандарттау бөлімінің меңгерушісі Бейбіт Мырзагелдиев, Мешіт істері бөлімінің меңгерушісі Жанділла Бекжігітов, Баспасөз бөлімінің меңгерушісі Ағабек Қонарбайұлы қатысты. 

Алғашқы кездесу ТМДБ Қажылық және ұмра департаментінің директоры Ремзи Біржанның ресми қабылдауынан басталып, осы департамент мамандарының өз жұмыстарын слайд арқылы түсіндіру бағытына ұласты.

Кездесуде қажылықты ұйымдастыру жұмыстарына қатысты мәселелер айтылды. Атап айтқанда, дін қызметкерлерін оқыту, қажылардың денсаулығын қадағалау, тасымалдау жүйесі, ас-сумен және қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету, т.б. бағыттар бойынша тәжірибелік түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Қажылық департаментінің мамандары осы саладағы 35 жылдық тәжірибесімен бөлісіп, ҚМДБ Қажылық бөліміне қажетті кеңестерін айтты.

Кездесу соңында Аппарат басшысы Ғ.Жәдігерұлы департамент басшылығы мен мамандарына алғыс білдірді.

«Расында, қазақ пен түрік халқы қадым заманнан бері түбі бір, тілегі бір бауырлас ел. Біздің тарихымыз да бір. Ал бүгінгі тарихты Сіз бен біз жасаймыз. Біздің бүгінгі игі амалдарымыз – ертеңгі тарих. Біздің делегацияны қабылдап, мол тәжірибелеріңізбен бөлісіп жатқандарыңызға еліміздің барлық мұсылмандары атынан алғыс айтамын», – деді ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиев.

Екіжақты кездесу соңында Астана, Алматы қалаларында Түркиядағы қажылық қызметін үйлестіру бойынша білікті мамандардың қатысуымен көшпелі семинар-тренинг өткізу мәселесі қаралып, ортақ келісімдерге қол жеткізілді. 

ҚМДБ қызметкерлерінің Түркияға ресми сапары аясында, сонымен қатар халал стандарттау, баспасөз қызметі, мешіт істері салалары бойынша тәжірибе алмасу жұмыстары жүргізіледі.

ҚМДБ Баспсөз қызметі

www.muftyat.kz

Пікір жазуға мүмкіндік алу үшін сайтқа өз атыңызбен кіріңіз