Амджад Хадж Хамис және Абдуррахман Хлоуф есімді екі сириялық жігіт өздерінің медициналық көлігімен ел аралап, мүгедек босқындарға жасанды аяқ (протез) жасап берумен айналысып келе жатқандарына көп болған. Сыртынан қарағанда кәдімгі көліктерден еш айырмашылығы жоқ олардың фургонының ішінде қай кезде де жұмыс қайнап жатады. Олар осы сауапты іспен айналысқан төрт жыл ішінде 2500 жанға жасанды аяқ жасап берген.
Олар, тіпті, тәжірибе жинақтап, жасанды аяқ жасау жұмысын игеру мақсатында дала госпитальдарында болып, сынақтан өткен көрінеді.
«Өз аяғымен жер басып, жүруді арман еткен жандарға жасанды аяқ қигізіп бергендегі сезімді сөзбен суреттеп жеткізу мүмкін емес. Әсіресе, балалардың көзіндегі қуанышты айтсаңызшы! Олар үнемі қозғалып, жүріп, жүгіріп, ойнағысы келіп тұрады емес пе?!» – дейді Амджад Хадж Хамис.