Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы Египет Араб Республикасына жасаған ресми сапары барысында Қазақстанның Египеттегі Төтенше және Өкілетті елшісі Берік Арынмен кездесті.
Кездесуде Қазақстан мен Египет Араб Республикасы арасындағы рухани-мәдени саладағы қарым-қатынасы сөз болды. Елші мырза «Көшпенділер» кітабының араб тіліндегі нұсқасы жергілікті жазушылар, тарихшылар мен жалпы халық тарапынан үлкен қолдауға ие болып, жоғары баға беріліп жатқанын жеткізді.
Бас мүфти ҚМДБ мен «әл-Әзһар» университеті арасында қабылданған меморандум аясында игі жобалар туралы баяндап берді.
«Өзіңіз жақсы білесіз, Діни басқармадан рұқсат қағаз алмаған азамат «әл-Әзһар» университетіне оқуға қабылданбайды. Қазір осы келісім аясында өзіміздің медресе, университетті бітірген түлектерді оқуға жіберіп отырмыз. Осындай игі жұмыстарға елшілік тарапынан да үлкен қолдау көрсетіліп жатыр. Сізге және ұжымыңызға айрықша алғысымды білдіремін», – деді Ержан қажы Малғажыұлы.