Бүгін Мысыр мүфтияты Каир қаласында мұсылман елдеріндегі пәтуа шығару құрылымдарының басын қосып, заманауи-шариғи шешімдерді шығару мәселелеріне арналған халықаралық конференция өткізді. Әлемдік басқосуға мұсылман мемлекеттерінің Бас мүфтилері қатысты.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы Мысыр мүфтиі Шауқи Алламның шақыруымен конференцияға қатысып, баяндама жасады.
«Бүгінгі конференциямыздың мақсаты – қазіргі заманғы пәтуа шығару жұмысын жетілдіру. Алайда, бүгінгі таңда діни мәселелер туралы шешім шығаруда «кездейсоқ ғалымдар» көбейіп кетті. Біз, мұсылман үмбетінің мүфтилері ондай «ғалымдардың» пәтуаларына жол бермеуіміз тиіс. Соңғы уақытта бір мәселеге қатысты әрқилы пәтуа беру жағдайлары көрініс беруде. Сондай-ақ лаңкестердің іс-әрекеттерін ақтайтын пәтуалар да шығуда. Бұл – Ислам дініне жасалған қиянат, ашық шектен шығу», – деп мәлімдеді халықаралық форумда Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.
Конференция барысында пәтуа шығару бойынша оқып-үйрену, тәжірибе алмасу академиясын құру, білікті мамандардан құралған пәтуа білгірлерін басқа елдерге шығарып, түйткілді мәселелердің шешімін көрсету, Ислам туралы теріс пікірлерді түзету, ағарту шараларын ұйымдастыру, ондаған тілде шығатын ортақ пәтуа сайтын құру сияқты мәселелер талқыланды.
Конференцияға араб елдерімен қоса, Африка, Азия және Еуропадан, барлығы 22 мемлекеттен келген мүфтилер мен шариғат білгірлері қатысты.
ҚМДБ Баспасөз қызметі